Семейде Наурыз мейрамына арналған мерекелік шараны 25 000-ға жуық халық тамашалады
Биыл күллі тіршілік атаулы ұйқыдан оянып, күн мен түн теңеліп, төрт түлік төлдеп, жер-жаһан жаймашуақ нұрға бөленетін Наурыз мейрамын Семей жұртшылығы ерекше ілтипатан қарсы алды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Мерекелік шаралар таңертеңгі сағат 10-да басталды. Мейрамның бас ордасы болған Орталық алаң мен Арбатта екі күн бойы 18 киіз үй тігіліп, негізгі концерттік бағдарламадан бөлек театрландырылған қойылым көпшілік назарына ұсынылды. Әр киіз үйдің алдында ұлттық ойындар ойналып, спорттық жарыстардан жүлдегерлер анықталды. Биылғы киіз үйлердің негізгі ерекшелігі – әр киіз үйде сол ауылдың атауына байланысты көрмелер қойылып, тарихи тұлғалардың қолданған жеке заттарынан шағын мұражай ұйымдастырылды. Ақшаңқан ағаш үйлерді Семей қаласы әкімдігінің бөлімдері, мемлекеттік және жеке мекемелер, қоғамдық ұйымдар да құрды.
Бас алаңнан бөлек қаладағы 7 алаңда бір уақытта мереке тойланды. Әуезов, Тері- былғары комбинаты, Теміржол вокзалы, Силикат зауыты, Кең-Сарай мейрамханасының алдында және Жоламан мен Восточный кенттерінде де киіз үйлер тігіліп, мерекелік концерттік бағдарламалар қойылды. Қала бойынша барлық киіз үйлерде 15 000 адамға палау, 25 000 адамға наурыз көже, 20 000 дана бауырсақ, 5 000 кесе ыстық шай тегін таратылды.
Сонымен қатар, арқан тартыс, қол күрес, асық ойыны, қой көтеру сынды ұлттық ойындардан жарыстар өтті. Бүгінгі күннің есте қалған оқиғасы – Жоламан кентінің тұрғыны Рустам Сапарғалиевтің қошқарды 135 рет көтергені болды. Спорттық жарыстардың жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар мен сертификаттар табыс етілді.
Сондай-ақ, Қазақстан эстрада әртістері Алтынай Жорабаева, Бүркіт пен Аиша, Әбдіжаппар Әлқожа, Динара Алжан, Мерхат Қанапиянов, Серік Исахан, Қаршыға Илтан, Диаз Мурсалиовтың қатысуымен мерекелік концерт өтті. 12 сағатқа созылған ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына арналған мерекелік шараны 25 000-ға жуық халық тамашалады.
Semeynews.kz