Абай облысыҚоғамМерекеСемейТОП

«Күй күмбірі» республикалық домбырашылар челленджіне өңірімізден 9 мыңға жуық адам қатысты

Наурыз мерекесіне арналған «Күй күмбірі» республикалық домбырашылар челленджіне өңірімізден 9 мыңға жуық адам қатысты, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Наурызды мерекелеу аясында Абай облысы бойынша барлық білім беру ұйымдарында 10-20 наурыз аралығында түрлі іс-шаралар өткізілді. Солардың бірі – оқушылар мен студент жастардың республикалық домбырашылар Челленджі. Оның мақсаты – білім алушылардың рухани-адамгершілік мәдениетін, эстетикалық, патриоттық сезімдерін тәрбиелеу, елдің мәдени мұрасын сақтау, жастар арасында домбыра өнерін насихаттау. Челленджді өткізудің үйлестірушілері- ҚР Оқу-ағарту министрлігі.

2023 жылғы 17 наурызда Астана уақыты бойынша сағат 12.00-де республиканың әрбір елді мекенінің барлық мектептерінде, мектептен тыс ұйымдарында және колледждерінде домбыраның күмбірлеген үні естілді: Құрманғазының күйлері бір уақытта орындалды.

Абай облысында челленджге тоғыз мыңға жуық адам қатысты: мектеп, колледж оқушылары, ата-аналар, мұғалімдер бір мезгілде Құрманғазының “Балбырауын”, “Айжан қыз”, “Адай” күйлерін, сондай-ақ Әбдімомын Желдібаевтың “Еркесылқым”күйлерін күмбірлете тартты.

Домбырашылар челленджі республикада алғаш рет өткізіліп, еліміздің мәдени өміріндегі бірегей оқиғаға айналды, балалар мен жастардың, мұғалімдер мен ата-аналардың музыкалық өнер саласындағы шығармашылық жетістіктерінің өзіндік көрінісі болды.

Бұл ауқымды республикалық акция еліміздің барлық білім беру ұйымдарын біріктірді, мереке атмосферасын құрды, Наурыз мерекесін жылдың ең жарқын және есте қаларлық оқиғалардың біріне айналдырды.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button