Абай облысында ірі көлемдегі есірткі саудасымен айналысқан ерлі-зайыпты ұсталды
Жарма ауданында ірі көлемдегі есірткі саудасымен айналысқан ерлі-зайыпты ұсталды, деп хабарлайды Semeynews.kz.
Абай облыстық ПД баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, Жарма ауданында аса ірі көлемде есірткі саудалаған күйеуі мен әйелі «Алматы-Семей» тасжолында көлікпен келе жатқанда ұсталды.
Тінту кезінде ер адамның оң аяғындағы шұлығынан ұнтаққа ұқсас ақ түсті зат салынған зип-пакет табылды. Сондай-ақ көлікті тексеру кезінде артқы орындықта жатқан жол сөмкесінен дәл осындай зат салынған 2 орама тәркіленді.
«Сараптама қорытындысы бойынша, тәркіленген зат жалпы салмағы шамамен 400 грамм болатын «A-PVP» психотроптық затының аналогы болып шықты. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 297-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», – делінген хабарламада.
Еске салайық, осы баптың санкциясында 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Semeynews.kz