Абай облысыҚоғамСемейТОП

Абай облысында «Жаңа күн – жаңалық жаршысы» атты дөңгелек үстел өтті

Дөңгелек үстелге қатысушылар облыстың өткен жылдағы жетістіктерін, сондай-ақ мемлекеттегі саяси және әлеуметтік-экономикалық қайта құрулар аясында өңірді дамытудың алдағы перспективаларын талқылады, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Әлихан Бөкейхан атындағы университетте өткен шарада Абай облысының қоғамдық кеңесінің төрағасы Мейрамхат Айнабеков Президенттің жаңа облыс құру туралы қабылдаған шешімі ерекше мәнге ие болғанын атап өтті.

– Бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Абай облысын құру қажеттігін мәлімдеген болатын. 8 маусымда облыс құрылды. Сондықтан, бүгін біз қала әкімшілігі қызметкерлерінің, қоғам қайраткерлерінің, белсенділердің, ең бастысы, жастардың қатысуымен өткен бір жылда облыста болған өзгерістер мен оқиғаларды талқылап, таяу болашақта шешілуі тиіс мәселелерді қарастыруға жиналдық. Өткен жылы облыста кәсіпкерлік пен аграрлық бизнес үлкен серпін алды. Сонымен қатар, облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев Үкіметте өңірді дамытудың кешенді жоспарын қорғады. Жоспарды жүзеге асыруға бұрын-соңды болмаған 1,9 триллион теңге бөлінеді, – деді облыс әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков.

Ауылдық округтерді дамыту бойынша жоспарлар көп. Мәселен, көптеген ауылдарда мәдениет мекемелерін ашу, сонымен қатар, спорт модульдерін, жүзу бассейндерін көбейту көзделуде. Денсаулық сақтау саласы да назардан тыс қалмайды: Семейде 150 орындық сауықтыру және оңалту орталығы ашылды, бірақ бұл әлі де жеткіліксіз. Облыста күрделі диагнозбен ауыратын балалар бар, олардың аналары жеке қабылдауға келіп, оңалту мәселесін жиі көтеріп жүр. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.

– Тарихи шешім қабылданғалы бері жеткен жетістіктеріміз аз емес. Қазақстан картасында алғаш рет Абай облысының пайда болуы біз үшін үлкен бақыт. Семейліктер бұл сәттіі 25 жыл бойы күтті. Арманымыз орындалды. Осындай шешім қабылдаған Мемлекет басшысына мың алғыс,- деп жиынды қорытындылады Семей қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Шаған Жұмақсанов.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button