Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев жастардың сапалы білім алуы мен жаттығуына қажетті жағдай жасау үшін Семей қаласындағы білім беру және спорт нысандарына барды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Нысандарды аралау Семей қаласындағы № 2 облыстық Олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінен басталды. Айта кетер болсақ спорт кешені екі ғимараттан тұрады.
Бұл ретте спорт мектебінде мамандандырылған спорт залының жоқтығынан кикбоксинг спортшылары жалпы білім беретін мектептердің, өрт сөндіру депосының, қалалық офицерлер үйінің, қалалық мәдениет үйінің спорт залдары базасында жаттығуға мәжбүр.
Өңір басшысы Нұрлан Ұранхаев бұл мәселені шешу үшін екі қабатты ғимаратқа үшінші қабат салуды ұсынды. Сонымен қоса гимнастика мен жеңіл атлетиканы бөлек әр саланың маманы басқарып, тәрбиелегені дұрыс деген пікір білдірді.
▫️Сонымен қатар облыс басшысы Нұрлан Ұранхаев мектептің мамандандырылған жеңіл атлетика манежіне де барды.
🏟️Ол 1967 жылы салынған, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Өңір басшысы спорт мектебіне тиесілі манеж аумағындағы бос жерге жаңа ғимарат салуды қарастыруды тапсырды.
Семей қаласындағы Политехникалық колледжге барған Нұрлан Ұранхаев 400 астам оқушыға білім беріп отырған мекеменің проблемалық мәселелерімен танысты. Білім мекемесі түрлі сала бойынша бойынша кәсіптік мамандар даярлайды.
Колледж ғимаратының су, жылыту құбырлары мен шатырының ағымдағы жөндеу жұмыстары мен спорт залын күрделі жөндеуден өткізу туралы мәселелер көтерілді.
Ал 1939 жылы қолданысқа ұсынылған Индустриалды технология колледжінің оқу ғимаратына техникалық байқау жүргізіліп, нәтижесінде қабырғаларының, іргетасы мен шатырының апатқа дейінгі жағдайы анықталды. Колледжге барған облыс басшысы оған тиесілі кең жерге жастарды тәрбиелеуге қажетті ғимарат салу жоспарын қарастыру қажеттігін атап өтті.
Өңір басшысы Нұрлан Ұранхаев Семей қаласының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне де барды. Мектептің 1936 және 1966 жылдары салынған екі ғимараты да күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді.
Semeynews.kz