Семейде ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы жоғары деңгейде атап өтілмек
Биыл Семей қаласының әкімдігі ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын жоғары деңгейде атап өтуді жоспарлауда. Осыған байланысты қалалық әкімдік әртүрлі іс-шараларды ұйымдастырады, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Тек қаланың орталығында ғана емес, шеткері аймақтардағы кенттер мен елді мекендерде де Наурыз мейрамы аталып өтіледі. Атап айтқанда, 2023 жылғы 21 наурызда сағат 11:00- 13:00 аралығында Степной, Водный, Шығыс кенттері мен Дальняя, Юность аудандарында «Наурыз мейрамы-2023» мерекесіне арналған ұлттық мерекелік іс-шаралар өтеді.
2023 жылғы 22 наурызда орталық алаңда сағат 10:00-ден бастап мерекелік бағдарламалар мен ұлттық ойындар, спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл жолғы Наурыз мейрамын тойлаудың бір ерекшелігі, әртүрлі тақырыптарды арқау ететін импровизацияланған ауылдар ұлттық салт-дәстүрлер бойынша өнер көрсетеді. Мысалы, Абай, Құнанбай қажы, Абылай, Шәкәрім, Ахмет, Төле би, Қажымұқан, Біржан сал, Қабанбай батыр, Бұқар жырау, Достық, Әл-Фараби, Мұхтар Әуезов, Кенесары хан, Шоқан, Теміржолшылар ауылдары киіз үйдің алдында театрландырылған қойылымдар қойып, ұлттық тағамдардан дәм ұсынады. Сондай-ақ, көрме, концерттік бағдарламалар, ұлттық ойындардан жарыстар өткізіледі.
Сонымен қатар, 22 наурыз күні Орталық алаңда 17:00-22:00 аралығында Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт өтеді. Барша қала тұрғындары мен қонақтарын ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын бірге атап өтуге шақырамыз. Наурыз құтты болсын!
Semeynews.kz