Жақында облыстық перинаталдық орталықта шала туылған үш нәрестеге кардиохирургиялық операция сәтті жасалды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Олар 27 аптасында туылған егіздер және жүктіліктің 25 аптасында туған қыз бала.
– Сәбилердің өмірі Перинаталдық орталықтың неонатолог-дәрігерлерінің, сондай-ақ Абай облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығының және санитарлық авиацияның дұрыс үйлестірілген жедел жұмысының арқасында аман қалды, – дейді перинаталдық орталық директорының міндетін атқарушы Гүлнар Қалиақпарова.
АШЫҚ АРТЕРИАЛДЫҚ ӨЗЕК – қалыпты жағдайда эмбриональды қан айналымын қамтамасыз ететін және туғаннан кейінгі алғашқы сағаттарда облитерацияға ұшырайтын аорта мен өкпе діңі арасындағы жұмыс істейтін патологиялық байланыс. Дегенмен, біздің кішкентай нәрестелерімізде ем барысында ашық артериалдық өзек жабылмады.
Ашық артериалдық өзек – негізінен шала туылған нәрестелерде болатын жүрек ақауы, уақыт өте келе бұл жүрек жеткіліксіздігі мен тыныс алудың қиындауына әкеледі.
Консервативті емнен кейін тиімсіздігіне байланысты АШЫҚ АРТЕРИАЛДЫҚ ӨЗЕКТІ кесу (хирургиялық араласу арқылы) жүргізу көрсетілді.
Сәбилерге ота жасауды біздің дәрігерлермен бірге Астанадағы ҰҚКК-нің мамандары жасады. Кардиохирург Өтегенов Ғалымжан мен анестезиолог-реаниматолог Мырзахметов Нұржан бірнеше рет сәбилерімізге кардиохирургиялық көмек көрсетті.
Жаңа туылған нәрестелердің жағдайы операциядан кейін бірден жақсарып, динамикасы тұрақты болды. Қазіргі уақытта кішкентай науқастарымыз өздерін жақсы сезініп, денсаулықтары жақсаруда», – деді Гүлнар Қалиақпарова.
Көрсетілген білікті көмек үшін балалардың аналары ерекше алғыстарын білдірді.
Айта кетейік, мұндай операциялар МӘМС аясында толығымен тегін жүзеге асырылады.
Semeynews.kz