“Табысты Отбасы” жобасының қатысушылары гранттар алды
Бүгін Семей қаласында «Самұрық-Қазына» АҚ әлеуметтік жобасының 41 түлегі өз ісін ашу үшін жабдықтар жиынтығы түрінде әрқайсысы 150 АЕК сомасына грант алды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Гранттар «ЅММ» (12 адам), «Кондитерлік іс» (7), «Сұлулық индустриясы» (16), «Тігіншілік» (5) және «Автоэлектрик» (1) сияқты сұранысқа ие бес бейіндік бағыттың бірі бойынша бір ай оқудан сәтті өткен қатысушыларға берілді.
Жоба тәлімгерлері шағын бизнеске жүргізуге және дамытуға қажет кеңестер, тренингтер мен сабақтар өткізді. Жобаға аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, жастар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған және жалғызбасты ата-аналар қатысты. Оларға ноутбуктер, тігін машиналары, миксерлер, электр пештері және басқа да жабдықтар жиынтығы табысталды.
– Барлық қатысушыларды жобаның сәтті аяқталуымен құттықтаймын! Жоба өзінің тиімді екенін көрсетті. Біздің жаңа облысымызда кәсібін енді бастаған бизнесмендер қажетті нәтижелерге қол жеткізе алады деп үміттенемін, – деді Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов.
– Әр отбасының әл-ауқаты, материалдық тұрақтылығы – бүкіл елдің оң ахуалына септігін тигізетіні анық. Осылайша халық арасында жұмыссыздық азайып, әркім өз кәсібін үйде отырып-ақ дөңгелетіп әкетіп кетсе дейміз, – деді өз сөзінде жобаның бас серіктесі – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры бас директорының орынбасары Серғожа Қалиасқаров.
Жобаның авторы, Айжани Нұрланова:
– Табысты Отбасы» жобасының алғашқы түлектері табыс таба бастады. Қатысушыларымызды ынталандыру үшін ақпан айының ортасында «Табысты боламын» деген байқау басталды.
– Ұзақ уақыт декретте отырған әйел адамда өзіңді кем санау мен сенімсіздік сезімі пайда болатыны белгілі. Әрбір сабақ пен тәлімгер кеңесі біздің қорқынышымызды жеңуге көмектесті, дамуға серпін берді. Енді мен үшін өз ісімді ашу – бұл жай ғана арман емес, міндетті түрде орындайтын нақты мақсат. Барлық түлекке сәттілік тілеймін!, – деп ерекше баланың анасы Аяулым Тәшенова арманының орындалуына нақты мүмкіндік туғанына қуанды.
Жалпы «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржылау қолдауы арқылы «Табысты отбасы» әлеуметтік жобасын 2022 жылдың 1 желтоқсанынан бастап Абай, Жетісу, Ұлытау, Түркістан және Ақтөбе облыстарында іске асыруға шамамен 200 млн теңге бөлініп, екі кезеңде 300 қатысушы қамтылды. Мұнда Абай облысында барлығы 70, Ақтөбе өңірінде 60, Жетісу аймағы бойынша 60, Ұлытау мен Түркістан облыстарында сәйкесінше 40 және 70 қазақстандық көкжиегін кеңейтіп, өрісін ұзартты.
Semeynews.kz