Абай облысында су тасқыны қаупі бар кезеңдегі шаралар кешені іске асырылуда
Абай облысында су тасқыны қаупі бар кезеңде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шаралар кешені іске асырылуда, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Көктемде күннің жылына бастауымен және ақпан айының аяғы мен наурыз айының басында жауған жауын-шашын иөлшерінің көптігімен, жазық өзендерде көктемгі су тасқынының үлкен көлемін күтумен, облыста су тасқыны қаупі бар кезеңде елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешені іске асырылуда.
«Қазгидромет» РМК мәліметтері бойынша, Абай облысындағы 2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай, орташа есеппен жазық жерлерде қар жамылғысының биіктігі 9-дан 74 см-ге дейін, топырақтың қатуы 24-тен 126 см-ге дейін құрайды.
Көктемгі су тасқыны кезінде төтенше жағдайдың туындау қаупінің алдын алу мақсатында Абай облысының әкімдігі «2023 жылдың көктемгі кезеңіне арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспарын» бекітіп, іске асыруда.
Көрсетілген жоспарға сәйкес жергілікті атқарушы органдар облыс аумағындағы тірек гидротехникалық құрылыстардың және су объектілерінің жай-күйіне күнделікті мониторинг жүргізеді.
Жұмыс тобы қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдарының еріген суларды, оның ішінде 2023 жылғы су тасқыны кезеңінде ықтимал қауіпті орындарды өткізуге дайындығын тексереді. 13.02.2023 ж. бастап 02.03.2023 ж. дейінгі кезеңде жұмыс тобы облыс аумағында орналасқан барлық ГТҚ-ға тексеру жүргізді және төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша тиісті ұсынымдар берілді.
Абай облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы Ертіс бассейндік инспекциясымен бірлесіп су тасқыны жағдайына, оның ішінде Ертіс өзеніндегі су деңгейіне, Шүлбі су қоймасының толуына, сондай-ақ тірек ГТҚ жай-күйіне күнделікті гидрологиялық мониторинг жүргізеді.
Облыс бойынша барлығы 95 Гидротехникалық құрылыс бар. Республикалық меншікте – 66 ГТҚ, коммуналдық меншікте – 19 ГТҚ, жеке меншікте – 10 ГТҚ.
Semeynews.kz