Құрылыс рұқсат құжаттарынан басталады
Бұл туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев құрылыс компанияларының өкілдерімен кездесуінде еске салды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Құрылысты бастар алдында құрылыс салушылар алдымен сәулет-жоспарлау тапсырмасын алуы, эскиздік жобаны келісуі, жұмыс құжаттамасын әзірлеуі және сараптамадан өткізуі, содан кейін құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы сәулет-құрылыс бақылау органдарына хабарлауы керек. Бұл ретте нысанның егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес болуы маңызды, – деп түсіндірді аймақ басшысы.
Мониторинг нәтижелері ғимарат қабатының саны бойынша заң бұзушылықтары бар құрылыс салушылардың қатарын көрсетті. Сондай-ақ, құрылыстың тығыздығы, аулаларды абаттандыру, шартты қызыл сызықтың аумағынан асуға қатысты заң бұзушылықтардың алдын алу маңызды. Облыстық прокуратураның ұсынысы негізінде Абай облыстық бақылау басқармасы 32 құрылыс нысанына тексеріс ашқаны белгілі.
Нұрлан Ұранхаев Семей қаласының оң жағалауындағы жылу энергиясының тапшылығын ескере отырып, қаланың осы бөлігіндегі бұрын берілген техникалық шарттар мәселесін қарастыруды тапсырды.
Абай облысының әкімдігі құрылысқа рұқсаттарды үйден шықпай-ақ Egov порталы арқылы тегін алуға болатынын еске салады.
Semeynews.kz