
ШҚО ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, жол-көлік оқиғасы «Мақаншы-Жалаңашкөл» автожолында орын алған. «Scania» жүк көлігінің жүргізушісі көлікті басқаруды жоғалтып алған, нәтижесінде автокөлік жол жиегіндегі шұңқырға аударылған.
Үржар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері дереу жол-көлік оқиғасы болған жерге барды. Тәртіп сақшылары оқиға орнын қоршап, жедел жәрдем шақырды. Дәрігерлер жүргізушіге алғашқы медициналық көмек көрсетті.
«Жүргізуші, жүк көлігі толықтай тауармен жүктелгенін және Алматы облысындағы кедендік бекеттен шығып Беларусь Республикасына жол жүріп бара жатқанын жеткізді. 2 күн ішінде полиция қызметкерлері компания өкілдері келгенге дейін жүктің қауіпсіздігін қамтамасыз етті»,- деп түсіндірді баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері аударылған жүк көлігін тас жолға көтеру үшін автокран шақырды. Беларусь Республикасының азаматы көрсетілген көмек үшін Үржар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне шексіз алғысын білдірді.
Semey News.