Семейде абаттандыру үшін аулалар тізімін қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде

Семейде ағымдағы жылы ауласы абаттандырылатын көпқабатты тұрғын үйлердің тізімі жасалуда, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Бұл туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау барысында атап өтті. Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдардың бірі балалар мен футболға арналған алаңы жоқ Ертіс көшесі, 17 мекен жайы бойынша орналасқан тұрғын үйдің ауласын абаттандыруға қатысты болды.
Аймақ басшысы түсіндіргендей, көпқабатты үйлердің ауласын абаттандыруға қаржы бөлінді. Тиісінше, бұл жұмыстар жүргізілетін болады.
Айта кетер болсақ, аула аумақтарын абаттандыру жұмыстарына ауланың ішкі аумақтарына жаяу жүргінші плиткаларын төсеу, шағын архитектуралық пішіндерді орната отырып, балалар ойын және спорт алаңдарын ұйымдастыру жатады.
Сондай-ақ қабылдау барысында Потанин көшесіннің тұрғындары жарықтандыру мен жол мәселесін шешуді өтінді. Түсіндіріліп өткендей, 2022 жылы Потанина көшесінің бойында жолдарды қиыршық таспен профильдеу жұмыстары жүргізілді. Жолдың Силикат ауылынан келе жатқан бойында «Жүк көліктеріне тыйым салынады» жол белгісі орнатылды. Ал биыл бұл көшеге жарықтандыру жұмыстары жүргізілмек.
Тұрғын үй мәселесі де түсіндірілді. Аталып өткендей, тұрғын үймен қамтамасыз ету қолданыстағы заңнамаға сәйкес және тіркелген тізім негізінде жүзеге асырылады. Бұл ретте, азаматтарды қабылдау барысында өңір басшысы облыс тұрғындарының бірқатар сауалдарына жауап берді.
Semeynews.kz