Семей қаласының әкімі Кирпичный, Жоламан, Суық бұлақ кенттерінің тұрғындарымен кездесу өткізді
Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов Кирпичный, Жоламан, Суық бұлақ кенттерінің тұрғындарымен кездесу өткізді, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Жиын басталмас бұрын қала әкімінің орынбасарлары және бөлім басшылары кент тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдап кеңес берді. Кездесуде ең алдымен қала әкімі 2022 жылы атқарылған жұмыстарға қорытынды жасап, ағымдағы жылы атқарылатын жұмыстарды көпшілікке таныстырды.
Қала әкімінің баяндамасы аяқталғаннан кейін, тұрғындар өздерін толғандыратын сұрақтарды да қойды. Сұрақтардың ішінде көктемгі су тасқынының алдын- алу, қаңғыбас иттерді аулау, қосымша қоғамдық көлік маршруттарын қосу, Кирпичный көшесін асфальттау сынды мәселелер қойылды.
”Қойылған сұрақтарыңыз өте орынды. Бірақ барлық жұмыстар кезең- кезеңімен жүзеге асады. Әкімдік тарапына келіп түскен барлық сұрақтар, ескертулер, ұсыныстар талданады, бірде-бір мәселе қараусыз қалмайды. Кездесу қорытындысы бойынша проблемалық мәселелерді шешу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітіледі”, деді Нұрбол Нұрсағатов.
Қала басшысының айтуынша, Цветочная, Школьная көшелеріндегі жолдарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. №2-школьный тұйық көшесі, Рехтика көшесі бойында қиыршық тас пен ПГС төселген жолдар қайтадан орташа жөндеуден өткізіледі.
Сонымен қатар, Суық бұлақ, Жоламан, Кирпичный кентіндегі әлеуметтік нысандарға баратын жолдарға және мектептердің маңына облыстық бюджет есебінен бейнебақылау камералары орнатылады. Жоламан кентіндегі Кірпіш зауыты маңындағы қоқыс полигондары, Суық бұлақ кентіндегі Ертіс өзені жағалауындағы орман алқабынан қоқыс үйінділерін тазалау жұмыстары жүргізіледі.
“Суық бұлақ кентіндегі №2-школьный тұйық көшесінің сыртқы аумағына 50 метр қар ұстағыш қоршау орнатылады. Суық бұлақ кентіндегі учаскелерде 30 дана және Жоламан, Кирпичный кенттерінде 30 дана қоқыс контейнерлері қойылады. Суық бұлақ кентіндегі істен шыққан жарықтандырулар ағымдағы жөндеуден өтіп, Сырлыбаев көшесіне 800 метр, Рехтика көшесіне 900 метр жаңадан жарықтандырулар орнатылып, істен шыққан шамдар ішінара ауыстырылатын болады”, – деді шаһар басшысы.
Бұқаралық спортты дамыту мақсатында Школьная көшесінің бойына және № 21 орта мектептің жанында Workout тренажер алаңы орнатылады.
№ 48 орта мектептің қазандығы, № 41 орта мектептің бастауыш сынып кабинеттері және № 42 орта мектептің жатақханасының санитарлық тораптарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, № 21 орта мектептің – гараждарын және ауыз сумен жабықтау жүйелері күрделі жөндеуден өткізіледі.
Кирпичныйдағы көпқабатты тұрғын үйлерді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу үшін, жобалық сметалық құжаттама әзірленіп жатқаны айтылды.
Естеріңізге сала кетейік, қала әкімі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым- Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес халықпен тұрақты түрде кездесулер өткізуде.
Semeynews.kz