Абай облысыҚоғамМәдениетСемейТОП

Семейде «Х-factor» байқауының гранд-финалынистін күтіп алды

«Х-factor» байқауының гранд-финалына өткен әскери қызметшіні әскери оркестр күтіп алды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Абай гарнизонының жеке құрамы «Х-factor» тележобасының гранд-финалисті гарнизондық офицерлер үйінің эстрада және би бөлімшесінің бастығы-вокалист кіші сержант Мерхат Канапьяновты күтіп алды. Танымал «Х-factor» телевизиялық ән байқауының гранд-финалынына жетіп, үздік үштіктер қатарында өнер көрсеткен әскери қызметшіні теміржол вокзалынан туысқандары мен достары шад-шадыман көңілде гүл шоқтарымен күтіп алды. Сондай-ақ салтанатты шараға қатысқан әскери оркестр әуезді әуен орындап жиналған жұртты тамсандырды. Өз тарапынан Мерхат та ақжарма тілектерін айтып, қарсы алуға келген жандарға алғысын білдіріп, алға қойған жоспарымен бөлісті.

  • Маған құрмет көрсетіп күтіп алған әскери оркестрге айтар алғысым шексіз. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы маған бұл байқаудың іріктеу кезеңінен бастап қолдау танытты. Жоба бойы маған дауыс беріп, тілекші болған жандарға ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақытта әскери қызметімді атқарып, бос уақытымда шығармашылық бағытымды дамыту – басты мақсатым – дейді гарнизондық офицерлер үйінің эстрада және би бөлімшесінің бастығы-вокалист кіші сержант Мерхат Канапьянов.

  • Мен үшін Мерхат «Х-factor» дүбірлі додасының жеңімпазы. Байқаудың алғашқы сын-сайыстарынан сүрінбей соңына дейін мүдірмей жетті. Балама дауыс берген баршаңызға рахметімді айтамын, – дейді Мерхаттың анасы Фарида Канапьянова.

Айта кетейік, Мерхат Канапьянов «Х-factor» мега жобасының гранд-финалына өткен тұңғыш әскери қызметші. Бес жүзге жуық қатысушы бақ сынаған дүбірлі доданың іріктеу кезеңі қазан айында басталған. Сайыстың финалына тек тоғыз өнерпаз суырылып шықса, күні кеше нәтижесі белгілі болған гранд-финалда небары үш қатысушы кім мықтыны анықтады.

  • Алты айға созылған жобаның тоғызыншы маусымын тәмамдап келдік. Сайыс бойы тақым қысып, Мерхаттың әрбір музыкалық шығармасына барынша қолдау таныттық, Біз Мерхаттың өнеріне әрдайым жоғары талғаммен қараймыз. Әскери қызметші күні ертең бұдан да ауқымы кең, биік белестерді бағындырады деген сенімдеміз, – дейді гарнизондық офицерлер үйінің бастығы майор Болатбек Айтқалиев.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button