Абай гарнизонының әскери қызметшілері шаңғымен жарысты
Абай гарнизонына қарасты әскери бөлімдер шаңғымен жүру жарысында бақ сынасты, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Он команда кім мықтыны анықтаған дүбірлі дода Ауғанстаннан Кеңес әскерлерін шығару күніне арналды. Шараны ұйымдастырушы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының дене шынықтыру және спорт бөлімі. Тартысты өткен ойын қорытындысы бойынша 44736 әскери бөлімі бірінші орынға ие болды. Жеңімпаз команда құрамы бес шақырымды небары 42 минутта еңсерді. Арнайы шараға қатысқан ауған соғысының ардагерлері бес қаруын асынып жүгірген сайыс жеңімпаздарына жылы лебізін білдіріп, ұйымдастыру алқасына алғыстарын жаудырды.
– Ауған соғысы ардагерлерін ұлықтауда «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының атқарып жатқан ілкімді істері жетерлік. Тіпті қанды шайқаста, от пен оқтың арасында мерт болған жауынгерлердің ата-анасына да құрмет көрсетуде. Бүгінгі дүбірлі дода жоғары деңгейде өтті. Семейдегі ауған соғысы ардагерлерінің атынан ұйымдастырушы топқа ал,ысымды білдіремін, – дейді ауған соғысының ардагері Айқын Жаназаров.
– Біз бұл сайысқа тыңғылықты дайындалдық. Қарсыластарымыз да осал емес. Дегенмен «Шығыс» түраралық полигонда өтетін жауынгерлік даярлықтың әсерінен, бізге бұл дода аса ауырға соқпады. Біз бұл жеңісімізді ауған соғысының ардагерлеріне арнаймыз, – дейді 44736 әскери бөлімінің арнайы мақсаттағы барлау-шабуылдау ротасының аға маманы кіші сержант Дастан Жакашев.
Semeynews.kz