Абай облысыӘлеуметҚоғамСемейТОП

Абай облысындағы алғаш рет өткізілген қайырымдылық балынан жиналған қаражат балалар үйлеріне аударылды

Абай облысындағы алғаш рет өткізілген қайырымдылық балынан жиналған қаражаттың 30 миллион теңгесі балалар үйлерінің есепшотына аударылды. Қаражат балалар үйлерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталады, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Атап айтқанда, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернатқа емдік дене шынықтыру кабинеті, шаштараз, асхана, кір жуатын орын, стоматологияға қажетті құрал-жабдықтар сатып алу жоспарлануда.

№8 балалар үйіне дезинфекциялық камера, тұрмыстық техника, ыдыс-аяқ және жұмсақ жиһаз сатып алу жоспарлануда.

Сондай-ақ Семей қаласындағы қиын жағдайдағы балаларға қолдау көрсету орталығында кір жуатын бөлме мен робототехника кабинетін жабдықтау жоспарлануда.

Қалған қаражат есту қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп-интернат мұқтажына жіберілетін болады.

Еске салар болсақ, облыс әкімі Абай Нұрлан Ұранхаевтың бастамасымен желтоқсан айының соңында «Ақ Ертіс» қоры Семей қаласында алғашқы қайырымдылық балын өткізген болатын. Шақырылған қонақтар шара аясында ұйымдастырылған қайырымдылық жәрмеңкесінде мамандандырылған мектеп-интернаттар мен балалар үйлерінде тәрбиеленіп жатқан балалардың суреттерін, қолөнер бұйымдарын, аппликацияларын сатып алды. Абай облысының жетім балаларына 35 миллион теңгеден астам қаржы жиналды. Кеш қонақтары әр бүлдіршіннің арманын орындай алды. Қалауын жазған 50 баланың конверті  Жаңа жылдық шыршаға асылып,  кейін тілектері орындалды.

Аукционнан лот сатып алған меценаттар олардың бір бөлігін тарихи-өлкетану мұражайына сыйға тартты. Олардың арасында Қазақ күресінен үш дүркін әлем чемпионы, самбошы Айбек Нұғмаровтың белдескенде киетін күртешесі мен алғашқы медалі де болды.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button