Абай облысының Көкпекті ауданында ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы саласында бірнеше ірі жобалар жоспарлануда
Абай облысының Көкпекті ауданында сүт зауытын, балық цехын және тері өңдеу цехын ашу жоспарлануда, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
“Өрнек” ЖШС сүт зауытының құрылысы, Тассай ауылында балық цехының ашылуы, мал сою алаңын салу, үлкен мұздатқыш орнату және Көкпекті ауылында тері өңдеу цехын іске қосу, – деді Көкпекті ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Сүйесінов.
Бүгінгі күні аудандағы ірі қара мал саны 55516 басты, жылқы саны 19019 басты, қой мен ешкі саны 47228 басты, құстар саны – 34132, шошқа саны-358 басты құрайды.
Көкпектіде 860 шаруа қожалығы тіркелген, оның 725-і мал шаруашылығы саласына жатады. Аудан бойынша 16 асыл тұқымды шаруашылық тіркелген, оның ішінде етті мал шаруашылығында – 14, сүтті мал шаруашылығында – 1, жылқы шаруашылығында – 1 шаруашылық.
– Мемлекет субсидиялар түрінде ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен көмек көрсетеді. 2022 жылы ауданның шаруа қожалықтары жалпы сомасы 9 млрд. 369 млн. теңгені құрайтын 2242 өтінім берді. Көкпекті ауданында мал шаруашылығы саласында “Өрнек” ЖШС жақсы дамып келеді. Өңірдегі үлгілі шаруашылық өсімдік және сүтті мал шаруашылығымен айналысады. Бүгінгі таңда “Өрнек” ЖШС-де 1285 бас сүтті сиыр бар, – деді Көкпекті ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Сүйесінов.
Сонымен қатар, ауданда көптеген шаруа қожалықтары мен тұрғындар мал бордақылаумен айналысады. Бүгінгі таңда ауданда 1200 бас мал бордақылауда тұр. Үлкенбөкен ауылында мал бордақылап, кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтар саны артып келеді.
– Өз қаражатыма 50 бас малға арналға бордақылау алаңын салдым. Бүгінгі күні бұл жерде 15 бас жас мал бордақылауда тұр. Болашақта мемлекеттік «Іскер» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алып, бордақыға қойылатын мал басын арттыру жоспарымда бар, – деді жас кәсіпкер Арман Қыдырбаев.
Semeynews.kz