Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының жылу электр орталығындағы жаңа қондырғы істен шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кеше риддерліктердің үйлері тағы да суып кетті. Бұған жылу электр орталығындағы жаңа қондырғының істен шығуы себеп болған.
Аталған қондырғы осыдан бірнеше апта бұрын өрт шыққаннан кейін қайта қалпына келтірілген көмір трактына орнатылған болатын.
«5 ақпанда 2 конвейер таспасын көтеретін барабан қозғалтқышы істен шықты. Жөндеу жұмыстары аяқталды. Көмір бункерлерін толтыру басталды. Жөндеу жұмыстары кезінде температуралық режимді қалпына келтіру үшін №1 қазандық қондырғысы қосымша қыздырылды», – дейді қала әкімі Дмитрий Горьковой.
Еске салсақ, 19 қаңтарда Риддердегі жылу электр орталығынан өрт шыққан болатын.
Қызыл жалын бірнеше сағаттың ішінде ауыздықталды.
Кейіннен жылу электр орталығының басшылығына қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны хабарланды.
Сондай-ақ Даниал Ахметов Риддер жылу электр орталығындағы ақаулар мен апаттардан үйлері қайта-қайта суып кетіп отырған тұрғындардан кешірім сұраған еді.
25 қаңтарда жылу электр орталығында өрт салдарын жою жұмыстары аяқталғанын жаздық.
Semeynews.kz