Абай облысыДенсаулықҚоғамСемейТОП

СЕМЕЙЛІК НЕЙРОХИРУРГТЕР МИЫНА ҚАН ҚҰЙЫЛҒАН ПАЦИЕНТ ӨМІРІН АРАШАЛАП ҚАЛДЫ

Семейдегі жедел жәрдем ауруханасына науқас Жасұлан Жұмаділов инсульт белгілерімен түскен. Аурухана дәрігерлері мұқият диагностикалық шаралардан кейін, жас жігіттің миына қан қүйылғаны белгілі болады. Қала тұрғынына шұғыл түрде жоғары технологиялық медициналық көмек эндоваскулярлық нейрохирургиялық араласу жасалды,  – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Операцияның егжей-тегжейлерімен жоғары санатты нейрохирург Төлеуғали Қойшыбаев бөлісті.
«Артерияның кішкене тесігі арқылы жіңішке өткізгіш енгізіп, тамырлар арқылы аневризмаға жетіп, арнайы микроспиральдармен толтырдық. Осылайша, біз қан айналымынан аневризманы өшірдік: қан енді оған енбейді, бұл оның одан әрі өсуі мен қайта қан кетуін болдырмайды. Операция сәтті өтіп, науқас қалыпты өміріне оралды», — дейді маман.

Семей қаласының 38 жастағы тұрғыны Жасұлан Жұмаділов төрт баланың әкесі. Бүгінде ол өміріне қауіп төндірген жағдайға тап болғанын есіне алмауға тырысады.
«Дәрігерлерімізге алғысым шексіз, олар мені қалыпты өмірге қайтарды, мен бұрынғы кәсібімді жалғастырамын, жұмысқа барамын. Ең бастысы, мен балаларымның жанында, әйеліммен біргемін», – деп жылы лебізін білдірді ер адам.

Нейрохирург Төлеуғали Қойшыбаевтың айтуынша, жоғары технологиялық азинвазивті әдіспен ми аневризмасына мұндай операция тәулік бойы жүйелі түрде жүргізіледі және бұл медициналық көмек МӘМС аясында қолжетімді. Мысалы, мұндай отаның сомасы шамамен 5 млн теңгеден асады, сақтандырылған адамдар үшін медициналық қызметтерге төлем Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтері есебінен жүзеге асырылады.

Айтпақшы, өткен жылы және биылғы жылдың алғашқы айында қаладағы жедел медициналық көмек ауруханасының нейрохирургия бөлімінде ми тамырларын эмболизациялау бойынша 90-ға жуық жоғары технологиялық ота жасалған.

Айта кетерлік жайт, Семей қаласының Жедел медициналық көмек ауруханасы – қаладағы ең ірі жедел жәрдем ауруханаларының бірі. Аурухананың жабдықталуы, мамандардың дайындығы, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі халықаралық стандартқа сай. Пациенттерді емдеуде және оңалтуда ең заманауи технологиялар, қарқынды терапияның озық тәсілдері, консервативті және эндоваскулярлық диагностика мен емдеу әдістері қолданылады.

Анықтама үшін: Аневризма – мидың артериясының айтарлықтай кеңеюі, айналасындағы құрылымдарды қысып, сол арқылы орталық жүйке жүйесін бұзады. Патологияны анықтау өте қиын: ол кейінгі кезеңдерде көрінеді, әдетте бас ауруы, көру, есту және қозғалыстарды үйлестіру проблемалары. Аневризма ауыр мүгедектікке немесе науқастың өліміне әкелетін қауіпті жағдай.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button