Семейде барлық автобустарда электронды билет жүйесі қолданылады
2021 жылғы 20 қаңтардан бастап Семей қаласының қоғамдық көліктерінде электронды билеттеу жүйесі енгізілді. № 4, 5, 8 маршруттар 2022 жылдың 31 желтоқсанында іске қосылды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Абай облысы Семей қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Омаров Н.Х. айтуынша, барлық қалалық автобустар валидаторлармен, QR кодтармен және жол ақысын төлеудің басқа әдістерімен жабдықталған.
Электрондық билет жүйесі – бұл ең алдымен ашықтық, жолаушылар ағынын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді, – дейді бөлім басшысының орынбасары.
Жол жүру ақысын көлік карталары, «Аvtobys» мобильдік қосымшасы арқылы және қолма-қол ақшамен төлеуге болады.
Жолаушылар көлік карталарының түрлері:
1) азаматтардың барлық санаттары үшін стандарт (көк, тариф – 80 теңге)
2) 7 жастан 15 жасқа дейінгі балаларға арналған оқушы (жасыл, тариф-40 теңге)
3) 70 жастан асқан зейнеткерлерге жеңілдік (ашық сары, тариф-40 теңге)
4) әлеуметтік (қызғылт сары, тариф-тегін), ҰОС ардагерлеріне, 1 және 2 топтағы мүгедектерге, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған.
“Avtobys” мобильді қосымшасын “Play Market” және “App Store” дүкендері арқылы тегін орнатуға болады. “Avtobys” қосымшасы арқылы жолаушы сапарға QR – код және “Bluetooth” арқылы жол ақысын төлей алады, көлік картасын байлай алады, өзінің барлық сапарларын (маршрут нөмірін, автобус нөмірін, билет нөмірін, сапар уақытын, тарифін көрсете отырып) көре алады, ЭСОП қолдау қызметіне хабарласа алады.
Қоғамдық көліктегі жол жүру құны қолма-қол ақшасыз төлеу кезінде – 80 теңгені, қолма-қол төлеу кезінде – 140 теңгені құрайды.
Semeynews.kz