Семей қаласының әкімі жақын маңдағы кент тұрғындарымен кездесті
Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов Восход және Водный кенттерінің белсенділерімен кездесті. Кездесу барысында бірнеше тақырып талқыланды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Водный кентінің атынан келген белсенділер, мектеп құрылысының қашан басталатынын сұрады. Қала әкімі: “2023 жылы 600 оқушыға шақталған мектеп Водный кентінде салынады. Аталған мектептердің құрылысы “Самұрық-Қазына”АҚ қоры арқылы іске асырылатын болады”,- деді.
Восход пен Водный кентіндегі ауыз су мәселесі жөнінде де сұрақтар көтерілді.
“2023 жылы Восход пен Водный кентіне құдық қазу, ауыз су тарту жұмыстары басталады. Алайда жұмыстар ұзақ уақытты алуы мүмкін”,- деді шаһар басшысы.
Сонымен қатар кенттердегі көше шамдарының аздығы жөнінде де мәселелер көтерілді.
“Биыл қала бойынша 100 көшеге жарықтандырулар жүргізу жоспарлануда. Алайда біз әлеуметтік нысандар мен мектептерге жарықтандыруды бірінші жүргіземіз. Биыл осы кенттегі 8 көшені және “Орталық”, “Южный”, “Малая Заливная” көшелеріне жарықтандыруды тартуды қарастырайық”,- деп түйіндеді қала әкімі.
Естеріңізге сала кетейік, қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов қаланың шеткері аумақтарындағы кенттерде күн сайын тұрғындармен кездесу жүргізуде.
Semeynews.kz