2023 жылы Семей қаласының жүк көліктері көпірін жаңғыртуға 20 млрд теңге бөлінбек. Бұл туралы Сенат депутаттарының жауабына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Үкімет басшысы жауабында Семей қаласының жүк көліктері көпірін жаңғырту құны 32 млрд теңгені құрайтындығын атап өтеді.
«Биыл жобаны іске асыру басталды. Оған 1 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетте жұмыстарды жалғастыру үшін 5 млрд теңге қарастырылған. Бұл ретте Семей қаласының жүк көліктері көпірін реконструкциялауды 15 млрд теңге сомасында қосымша қаржыландыру 2023 жылы республикалық бюджетті нақтылау кезінде қаралатын болады. Жалпы жобаны қаржыландыру республикалық бюджеттің мүмкіндігі аясында құрылыс барысына және бөлінген қаражаттың уақтылы игерілуіне байланысты жүзеге асырылады», – делінген Премьер-Министр жауабында.
Semeynews.kz