Дәстүр бойынша жаңа жыл қарсаңында Абай гарнизонының әскери қызметшілері балаларға арнап мұз қалашығын құрайды. Жыл сайынғы салтынан жаңылыспай әскери қызметшілер биыл да «Юность» шағын ауданының ашық алаңында 50-ден астам ертегі кейіпкерін, 3 мұз сырғанағын және хоккей кортын тұрғызды.
– Әскери қызметшілердің жыл өткен сайын балалардың қиялын арттырып, оларға қуаныш сыйлап, танымал мультфильмдер кейіпкерлерін жасауы бізді өте қуантады. Жасыратын емес, қазір балалар бос уақыттарын ұялы телефон шұқылаумен өткізеді. Ал бүгінгі шара олардың денсаулығына да пайдалы деп ойлаймын. Таза ауада аниматорлардың қимыл-қозғалыстарын қайталап, денелерін шынықтырып алды, – деп атап өтті «Юность» шағын ауданының тұрғыны Қаламқас Құрмашева.
Ертегідегі мұз қалашығын салуға Абай гарнизонының барлық әскери бөлімдері жұмылдырылғанын айта кеткен жөн. Ең әдемі мұз мүсіндерінің жеңімпаздарына «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысы атынан алғыс хаттар табыс етілді.
Semeynews.kz