Семей қаласында заманауи ЖЭО қашан салынады

Семей қаласында жылу электр орталығын салу жөніндегі жобаның жаңа техникалық-экономикалық негіздемесі әзірлеіп жатыр. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Естеріңізге сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы жылғы 30 қыркүйегінде Абай облысына жұмыс сапары барысында жергілікті жұртшылық алдында сөйлеген сөзінде Семей қаласындағы инфрақұрылымының тозу мәселелеріне ерекше назар аударып, Үкіметке әкімдікпен бірлесіп, заманауи жылу электр орталығын салу мәселесін қарастыруды тапсырған еді. Сондықтан сенаторлар Үкімет басшысынан осы тапсырманың жүзеге асырылу барысын сұраған болатын.
«Мемлекет басшысының жоғарыда көрсетілген тапсырмасын орындау аясында «Самұрық-Қазына» АҚ Семей қаласында ЖЭО салу жөніндегі жобаның жаңа техникалық-экономикалық негіздемесін (бұдан әрі – ТЭН) әзірлеуге кірісті. ТЭН ауқымында Семей қаласын дамытудың перспективалық жоспарларын ескере отырып, жылумен жабдықтау мәселесін кешенді шешу қаралатын болады. ТЭН дайындау бойынша жұмыстарды аяқтау мерзімі – 2023 жылдың үшінші тоқсаны. Жобаны іске асыруға инвестициялар тарту ТЭН нәтижелерінің негізінде «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-6-бабында көзделген қолданыстағы тетік – жаңадан пайдалануға берілетін генерациялайтын қондырғыларды салуға тендер өткізу жолымен қамтамасыз етіледі», – деді Әлихан Смайылов жауабында.
Semeynews.kz