
“Осы қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деген күдікті ұсталды, ол бұрын сотталмаған, жұмыс істейтін Риддер қаласының 35 жастағы тұрғыны”, – деді ШҚО полиция департаменті басшысының орынбасары Елдос Закимов.
Құқық қорғау органдары арнайы жедел-тергеу тобын құрып, бейнебақылау камералары мен тіркеушілердің жазбаларын зерттеп жатыр.
“Оқиға куәгерлерінің айғақтары мұқият тексеріліп, тиісті сараптамалар тағайындалды. Қылмыстық істі тергеу Ішкі істер министрлігінің бақылауында. Өзге ақпарат қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді”, – деп қосты ол.
Риддердегі алапат өртке кінәлі деген күдікті ұсталды
Еске салайық, Риддер маңында 10 мамырда орман өртене бастады. Ол кейін тұрғын үйлерге ұласты. Әлеуметтік желілерде Риддер қаласының маңындағы орманда жойқын өрттің видеосы тарай бастады. Видеоны ШҚО ТЖД мен куәгерлер жолдаған. Бастапқыда өрттен 14 үй зардап шеккені айтылған еді, алайда кейінірек 35 үйді жалын шарпығаны анықталды. Төтенше жағдайдан бір адам қаза тауып, екі адам зардап шеккені, олар ауруханада жатқаны хабарланды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Лесхоз кентінің өрттен зардап шеккен тұрғындарына көмек көрсетуді тапсырған болатын.
Semey News.