ҚазақстанҚоғамТағайындауларТОП

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

Өткен аптада елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

7 қарашада Алматы облысы әкімінің өкімімен Айбар Теменов Алматы облысы туризм басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.

Айбар Талғатұлы 1983 жылы туған. Білімі жоғары, 2005 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Елтану», 2007 жылы Т.Рысқұлов атындағы қазақ экономикалық университетін «Экономика» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2005 жылы Алматы қаласы Медеу ауданы әкімі аппаратының мәдениет, тілдерді дамыту, білім және спорт бөлімінің бас маманы болып бастаған.

Әр жылдары Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің көмекшісі, Ішкі саясат басқармасының Медеу ауданы бойынша аумақтық бөлімінің бастығы, Алматы қаласы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары, баспасөз қызметінің бас маманы, Астана қаласы Есіл ауданы әкімінің орынбасары, Астана қаласының Дін проблемаларын зерттеу орталығының директоры, «Kazakh-Sino Silkway Company» ЖШС директорының кеңесшісі, Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының басшысы лауазымдарында жұмыс істеген.

2022 жылдың қыркүйек айынан осы уақытқа дейін Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімінің орынбасары лауазымында қызмет атқарды.

Дүйсенбі күні «Астана» футбол клубының бас директоры болып Арслан Беспаев тағайындалды.

Беспаев бұған дейін «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамының құрылымдық бөлімшелерінде, Алматы қаласының қаржы басқармасында және Батыс Қазақстан облысы әкімінің аппаратында жұмыс істеді.

2019 жылдан 2022 жылдың наурызына дейін «Астана» футбол клубының департаменттерінің бірінде басшылық қызметте болды.

Еске салсақ, Арслан Беспаев клубта атқарушы директор лауазымын атқарған болатын.

8 қыркүйек күні Түркістан облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі болып Наталья Кожабекова тағайындалды.

Наталья Кожабекова 1970 жылы дүниеге келген. 2000 жылы ҚР ІІМ Қостанай заң институтын заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған.

1989-2018 жылдар аралығында ҚР Ішкі істер органдарында түрлі қызметтер атқарған.

Қоса кетсек, бүгінде республикалық маңызы бар 3 қала мен бірнеше облыста Адам құқықтары жөніндегі уәкілдер тағайындалды Жалпы биыл Қазақстанның 17 өңірінде уәкілдің өкілдігі жұмыс істейтін болады.

Сол күні Қызылорда облысы әкімінің өкімімен бірыңғай конкурстық комиссияның шешіміне сәйкес өңірлік кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы тағайындалды.

Бұл қызметке Қамбарбек Мүбараков келді. Ол 1973 жылы дүниеге келген.

Қызылорда политехникалық институтын«экономист-менеджер», Қызылорда гуманитарлық институтын«заңгер» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын Жаңақорған ауданы Өзгент совхозында слесарь болып бастаған.

Одан кейін әр жылдары облыс бойынша салық комитетінің маманы, аға салық инспекторы, сондай-ақ, Шиелі және Жаңақорған аудандарының салық басқармасының басшысы қызметін атқарды.

2004-2008 жылдары Қызылорда облысы бойынша салық комитетінің төраға орынбасары, 2011-2018 жылдары Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы қызметін атқарды.

2019-2021 жылдары Қызылорда облысының ауылшаруашылығы басқармасының басшысы, Шиелі ауданының әкімі, 2021 жылдан осы кезге дейін Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы қызметін атқарды.

Сейсенбіде Бас прокуратурада жаңадан құрылған халықаралық-құқықтық ынтымақтастық қызметінің басшысы болып Артур Ластаев тағайындалды.

Артур Ермекұлы 1983 жылы дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін «халықаралық құқық» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2006 жылы Алматы қаласы прокуратурасының Бостандық ауданы прокурорының көмекшісі болып бастаған. Бас прокуратурада бес жылдан астам жұмыс істеген. Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау департаментінің бөлімін басқарған.

2016 жылғы қаңтардан бастап Бас прокуратураның өкілі – БҰҰ және Женевадағы басқа да халықаралық ұйымдар бөлімшесі жанындағы Қазақстан Республикасы тұрақты өкілдігінің кеңесшісі болған.

2018 жылдың шілдесінен бастап Еуропадағы Бас прокуратураның өкілі – Қазақстанның Швейцариядағы Елшілігінің кеңесшісі болып қызмет атқарған.

8 қыркүйектегі тағы бір тағайындау ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкімімен Қызылорда облысы бойынша уәкіл қызметіне Дәурен Шәріпбаев кірісті.

Ол 1977 жылы Семей облысында (қазіргі Абай облысы) дүниеге келген.

Жоғары білімді. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін«Заңгер» және Азаматтық авиация академиясын«Тасымалдауды, қозғалысты ұйымдастыру және көлікті пайдалану» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын Семей облысы Шар ауданындағы Калинин атындағы мектебінің тарих пәні мұғалімі болып бастаған.

1996-2010 жылдары Семей облысы Шар аудандық сотының хатшысы, сот орындаушысы, Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы прокурорының аға көмекшісі, Павлодар облысы Баянауыл аудандық сотының төрағасы, адвокаттар алқасының мүшесі қызметтерін атқарған, 2010-2020 жылдары кәсіпкерлік, өндіріс кәсіпорындарында басшылық қызметтерде еңбек еткен

2020-2022 жылдары ҚР Әділет министрлігінің сот сараптамалары орталығының заң мәселелері жөніндегі консультанты және ҚР Сыртқы істер министрлігінің KazAID қазақстандық даму агенттігі акционерлік қоғамының бас заңгері лауазымдарын атқарған.

Сол күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне жаңа басшы тағайындалды.

Бұл қызметке Серікжан Қуанышбекұлы келді. Ол 1979 жылы Семей (қазіргі Абай) облысында дүниеге келген.

Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғарғы мектебін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1999 жылы ішкі істер органдарында бастаған.

1999 -2012 жылдары ішкі істер, прокуратура органдарында еңбек етті.

2012-2016 жылдары қаржы полициясы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарында қызмет атқарды.

2016-2022 жылдары ҚР Бас прокурорының көмекшісі, басқарма бастығы, Өскемен қаласының прокуроры болды.

2022 жылдың ақпан айынан бастап осы кезге дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментін басқарды.

9 қарашада Маңғыстау облыстық туризм басқармасына жаңа басшы келді.

Өңір әкімі Нұрлан Ноғаевтың өкімімен Маңғыстау облысы Туризм басқармасының басшысы қызметіне Президенттік кадр резервінің мүшесі Мәулен Ғабдулқалиев тағайындалды.

Мәулен Сәкенұлы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін есеп және аудит мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2012 жылы «Қазпошта» АҚ МОФ Ақтау қалалық №3 пошта бөлімшесінің операторы, байланыс операторы ретінде бастаған.

2013 жылдан бастап Орал қаласындағы Круглоозерный кенті әкімі аппаратының бас маманы болған.

2014 жылы Ақтау қаласындағы «Holding Altyn Dan» АҚ астық сатып алу департаментінің директоры, «Holding Marat» ЖШС астық сатып алу бөлімінің бастығы қызметінде атқарды.

2015 жылдың сәуірінен Ақтаудағы «Қазпошта» АҚ МОФ сату бөлімінің бас маманы, қазан айынан бастап бастығы болды.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев туризм басқармасының ұжымына жаңа басшыны таныстырып, оның біліктілігі мен тәжірибесі өңірдің туризм саласына жаңа серпін беретініне сенім білдірді.

10 қараша күні Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы лауазымына Мақсат Нурахаев тағайындалды.

Ол осыған дейін ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарды.

Жұма күні Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы лауазымына Инесса Чернышева тағайындалды.

Инесса Александровна 1968 жылы туған. 1991 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1992 жылы № 38 мектеп-гимназияда орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастады.

2016-2022 жылдары аралығында «Л. Гумилев атындағы № 38 гимназия» КММ директоры болып қызмет атқарды.

2021 жылдан бастап осы уақытқа дейін Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты болды.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button