Семейдегі 122 жылдық тарихы бар бу диірменінің ғимараты жөндеуді қажет етеді
Абай облысының орталығында осыдан 122 жыл бұрын салынған бу диірменінің ежелгі ғимараты сақталған, – деп хабарлайды Semeynews.kz Абай облысының әкімдігіне сілтеме жасап.
Семей қаласындағы бу диірменін 1900 жылы көпес Мусин салған. Онда Сібір мен Алтай өлкесінен әкелінген бидай ұнтақталып, өңделді. Диірменнің жанында дайын өнім сақталатын қойма болды. Ғимарат үш қатарлы кірпіштен тұрғызылған.
Көптеген жылдар бойы ғимаратта жабдықтар зауыты орналасқан.
«Ертіс» өлкетану қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Сасановтың айтуынша, диірмен осы аймақта сол заманғы еуропалық техникамен жабдықталған ірі кәсіпорынның бірі болған.
«Қазір де бұл жәдігер семейліктер үшін өте маңызды. Оны сақтап, реставрация жасауымыз керек. Өйткені ғимаратта кезінде өндіріс болғандықтан ол әбден тозған, жөндеуге мұқтаж. Бұл ғимарат өте үлкен, әдемі, аумағы кең. Осы дүниені жөнімен қажетімізге жаратып, пайдалана білсек дұрыс болар еді. Жастарға арналған кеңістік, экспозиция, музей ашуға болады. Қалалық әкімдік жақын уақытта ғимаратты қолға алады деп үміттенемін», – дейді өлкетанушы.
Semeynews.kz