ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Абай облысындағы жұмыс сапары барысында өңір активімен кездесті, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Министр отбасының цифрлық картасын енгізу туралы айтып, халықты жұмыспен қамту, қызметкерлердің еңбек құқықтарын сақтау, зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін талқылады.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков, облыстық мәслихат өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, облыс аудандарының әкімдері қатысты.
Абай облысында 12 184 адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде жұмыспен қамту орталықтары арқылы бос орындарға – 3 527 адам, ұлттық жобаларды іске асыру шеңберінде – 4 999 адам, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен – 3 658 адам қамтылды.
“Жұмыс орындарымен қамту мониторингін жүргізу тәртібіне сәйкес азаматтарды жұмысқа орналастыру олар үшін міндетті зейнетақы аударымдарымен расталатынына назар аударғым келеді. Абай облысында бұл көрсеткіш 76% құрайды. Бұл ретте Курчатов қаласы мен Бесқарағай ауданында ұлттық жобаларды іске асыру шеңберінде жұмысқа орналастырылған азаматтар бойынша зейнетақы аударымдары бар адамдардың үлесі тиісінше 51% және 54% құрайды”, – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Министр кездесуге қатысушыларды отбасының цифрлық картасын енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.
“Бүгінде Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде цифрлық картада 6,3 млн отбасы және олардың 19,5 млн мүшесі туралы ақпарат жинақталған. Бұл ретте біз оларға тиісті көмек алмайтын отбасыларды анықтадық. Мұндай отбасылар 1 қыркүйектен бастап олар үшін тиісті мемлекеттік кепілдіктерді көрсете отырып, SMS-хабарлама алады. Мемлекеттік қолдаудың тиісті шаралары оларға проактивті форматта тағайындалады. Абай облысында 177 алушыға төлемдер тағайындалды, қазір жұмыста азаматтардан оң жауап берілген 210 хабарлама бар”, – деді Тамара Дүйсенова.
Уақтылы көрсетілмеген мемлекеттік қызметтердің мысалы ретінде ол Абай облысынан отбасы 3-ші және 4-ші бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы және көп балалы отбасыларға арналған жәрдемақы тағайындауға өтініш білдірмеген жағдайды келтірді.
ЕХӘҚМ басшысы қазіргі уақытта ОКЖ шеңберінде жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша проактивті форматта қызмет көрсететінін айтты. 2023 жылдан бастап әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтер тізбесі кеңейтілетін болады.
2025 жылға қарай Цифрлық картамен әлеуметтік салада, денсаулық сақтау және білім беру салаларында мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылатын болады.
Semeynews.kz