Семейде мемлекеттік нөмірлері қолдан салынған көлік иесіне әкімшілік хаттама толтырылды
Семей тұрғыны көлігіне қағазға салынған мемлекеттік нөмірлерді таққан, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, 28 жастағы жүргізуші мемлекеттік нөмірді қағазға қолдан бояп салып, көлігіне тағып, содан кейін қала көшелерімен жүрген.
“Daewoo Nexia автокөлігінің жүргізушісі анықталды. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК 590 — бабының 2-бөлігі (Мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi (белгiсi) жоқ немесе пайдалануға тыйым салынғаннан кейiн немесе белгiленген тәртiппен тiркелмеген көлiк құралын басқару) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Көлік айыппұл тұрағына қамалды”, – деп түсіндірді Абай облыстық полиция департаментінде.
Еске сала кетейік, аталған бап бойынша жүргізуші он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл төлейді.
Semeynews.kz