Курчатовта Қазақстан-Франция SAIGA зерттеу бағдарламасы талқыланды
SAIGA бірлескен зерттеу бағдарламасын іске асыру шеңберіндегі жұмыстардың ағымдағы жай-күйі мен алдағы жоспарлары ҚР ҰЯО-да Францияның Атом энергиясы және баламалы энергия көздері жөніндегі комиссариаты (CEA) мамандарымен өткен техникалық кездесуде талқыланды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
SAIGA бағдарламасы ASTRID (Франция) шапшаң нейтрондардағы реакторы жобасын қолдау үшін эксперименттік зерттеулер жүргізуге, атап айтқанда, ИГР реакторында реактордың актив аймағы арқылы жылу тасығыштың қорғалмаған шығын жоғалтуымен (ULOF) авария кезінде болатын процестерді модельдейтін жағдайларда ASTRID реакторы отынының әрекетін зерделеуге арналған эксперимент дайындауға және өткізуге бағытталған.
Тараптар бірқатар мәселелерді, соның ішінде тұзақтық натрий контурын, эксперименттік құрылғыны, сондай-ақ оның физикалық макетін жобалау нәтижелерін, эксперименттік құрылғыны және тұзақтық натрий контурын параметрлерді өлшеу құралдарымен жабдықтауды және т.б. қарастырды.
Сондай-ақ ASTRID реакторы отынының сынақтарын жүргізу кезінде эксперименттік жабдықтың жұмыс режимдерін, сол сияқты энергия бөліну қуаты мен температураның берілген мәндерінің эксперименттік құрылғы отынында іске асуын қамтамасыз ететін ИГР реакторының жұмыс режимін таңдау және негіздеу үшін жасалған жылу-гидравликалық және нейтрондық-физикалық есептеулердің нәтижелері талқыланды.
Бұл ретте эксперименттерді дайындау мен өткізудің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
Француздық әріптестер ҚР ҰЯО-да жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін жоғары бағалады.
Айта кету керек, бұл кездесу СЕА мен ҚР ҰЯО мамандарының COVID-19 пандемиясына байланысты бетпе-бет байланыстарға ұзақ уақыт тыйым салынғаннан кейінгі бір-бірімен қол алысқан бірінші кездесу болды.
Semeynews.kz