Абай облысыҚоғамҚұқықбұзушылықҚылмысСемейТОП

Абай облысының тұрғынына есірткі сақтағаны үшін қоғамдық жұмыстарға үкім шығарылды

Абай облысының 35 жастағы тұрғыны есірткі сақтағаны үшін 100 сағаттық қоғамдық жұмыс арқалады, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, сот есірткі сақтаған тұрғынға қоғамдық жұмыстарға тарту түрінде жаза тағайындады. Енді ер адам есірткіні заңсыз сақтағаны үшін қоғамның пайдасына 100 сағат жұмыс істейтін болады. Ол Аягөз ауданының пробация қызметінің есебіне қойылып, қоғамдық жұмыстарды орындау үшін жергілікті атқарушы органға жіберілді.

Ер адамды полиция қызметкерлері ұстады. Тексеру кезінде одан ерекше иісі бар қою жасыл түсті өсімдік тектес зат орналасқан қағаз байламы тәркіленді. Сарапшының пікірінше, зерттеуге ұсынылған зат кептірілген марихуана болып табылады.

Сотта ер адам өзінің кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінген. Қазір ер адам аула сыпырушының міндеттерін орындайды, күніне төрт сағат жұмыс істейді. Оның жұмысы мен мінез-құлқын Аягөз ауданының пробация қызметінің қызметкерлері бақылайды.

– Ол есепке қойылып, қоғамдық жұмыстарды орындау үшін жергілікті атқарушы органға жіберілді. 100 сағат ішінде ол күн сайын төрт сағат бойы қоғамдық орындарда тазалық жұмыстарын жүргізеді. Оның жұмысы мен мінез-құлқын Аягөз ауданының пробация қызметінің қызметкерлері бақылайды. Егер ер адам жалтарса, онда оны тұтқындау немесе бостандықты шектеу күтеді, – делінген ведомство мәліметінде.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button