Семей жылусыз қалуы мүмкін: Қала әкімдігі депутат көтерген мәселеге жауап берді
Сенат депутаты Айнұр Арғынбекова Абай облысының ескірген жылу-электр орталығы мәселесін көтеріп, Премьер-Министрге сауал жолдаған еді. Осы ретте қала басшылығы бұл мәселеге түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сенатор жылыту маусымы кезінде жағдайы нашар жергілікті ЖЭО Семей қаласы тұрғындарының денсаулығы мен өміріне қауіп төндіріп отырғанын айтқан.
Оның сөзінше, жаңадан құрылған облыста әлеуметтік маңызы бар объектілерді жөндеуге қаржының жоқтығы түйткілді мәселеге айналды.
Осы ретте Семей әкімдігі аталған мәселеге орай жауап берді.
«Қаланың инфрақұрылымы қатты тозған. Жылу – ең күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Бұл жайт облыс әкімінің тікелей бақылауында. Қазіргі таңда жылыту маусымы бойынша барлық қажетті жұмыстар уақытылы жүргізілді. Жылу көздерінің жабдықтары жарамды күйде», – делінген ақпаратта.
Семейде жылыту маусымы ауа райына байланысты 29 қыркүйекте басталған.
Көмір қоры жеткілікті. Атап айтқанда, 40,5 мың тоннаны құрайды. Қажет болған жағдайда 10 күндік қор – 28 мың тонна бар.
«Жылыту маусымының техникалық желісі бойынша проблемалар жоқ. Бірақ экономикалық тұрғыда мәселелер бар. Кредиторлық берешек пен жалақының уақытында берілмейтіні рас. Бұл мәселелер облыстың қалалық, жергілікті бюджетінен қаражат бөлу жолымен шешіледі. Сондай-ақ республикалық бюджеттен субсидия бөлу мәселесі қарастырылып жатыр», – делінген хабарламада.
Semeynews.kz