Абай облысында медициналық-әлеуметтік сараптаманы мемлекеттік органдарға бармай-ақ өтуге болады
Бұл туралы Абай облысының аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-конференциясында “Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің департаменті” РММ басшысы Анар Ерембаева айтып берді, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Маманның айтуынша, қазіргі уақытта Абай облысында 28 мыңнан астам мүгедек адам тұрады.
Оларды қолдау үшін жәрдемақыларды, медициналық, әлеуметтік және кәсіптік оңалтуды, оңалту құралдарымен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз етуді, білім алуға қол жеткізуді және т. б. қамтитын әлеуметтік қорғау жүйесі көзделген.
– Бүгінде мүгедектікті және әлеуметтік қолдауды белгілеу үшін азаматтар төрт ұйымға жүгінуге мәжбүр болды: емханаға, одан кейін медициналық-әлеуметтік қызметке, ХҚКО – жәрдемақы тағайындау үшін, әлеуметтік қызмет алу мекемесі. Сараптама сапасына қатысты шағымдар жиі айтылады.
Сондықтан, осы проблемаларды шешу үшін 2021 жылдың қазан айынан бастап ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ел Президентінің 2021 жылғы 25 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында берген тапсырмасын орындау шеңберінде медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматындағы пилоттық жобаны жүзеге асыруда. Яғни, азаматқа инстанцияларға барудың, құжаттарды жинаудың қажеті жоқ, тек емханаға жүгіну жеткілікті. Осыдан кейін сараптама жүргізу, тиісті әлеуметтік төлемдер мен қызметтерді тағайындау өтініш берушінің қатысуынсыз, ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтер негізінде автоматты түрде жүзеге асырылады, – деді Анар Ерембаева.
Бүгінгі таңда бұл қызметті проактивті форматта 39 мыңнан астам адам алды, оның ішінде Абай облысынан мүгедектігі бар адамдардың 22,7 пайызы. Сонымен қатар, алдағы уақытта аурулардың тізімін кезең-кезеңмен кеңейту жоспарлануда.
Сырттай куәландыру 12 нозология бойынша жүргізіледі, олардың ішінде қатерлі аурулар, барлық локализациялардағы туберкулез, психикалық аурулар, оның ішінде ақыл-ой кемістігі, балалар аутизмі және т.б. Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу нәтижелерін “электрондық үкімет” веб-порталындағы жеке кабинеттен немесе тұрғылықты жері бойынша медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінен алуға болады.
Semeynews.kz