Абай облысында “отбасының цифрлық картасы” енгізілді
Бұл қалай жұмыс істейтінін Абай облысының аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-конференциясында “Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің департаменті” РММ басшысы Анар Ерембаева айтып берді, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап пилоттық режимде отбасының цифрлық картасын енгізу басталды.
Бұл азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне байланысты кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алу құқықтары туралы күнделікті “электрондық хабарлама” және мемлекеттің қызмет көрсетудің проактивті форматының тағы бір жаңа құралы. Яғни, мемлекет ақпараттық жүйе арқылы азаматқа тиісті органдарға жүгінудің қажеттілігінсіз мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуды ұсынады.
– Бастапқы кезеңде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде отбасылардың әл-ауқатының деңгейін және оларға жүктелген мемлекеттік қолдау шараларын анықтау бойынша жұмыс жүргізілді. Қазірдің өзінде цифрлық картада шамамен 6 миллион отбасы және олардың 19 миллион мүшесі туралы мәліметтер бар, ол “отбасы портреті” деп аталады. Бұл карталар отбасы мен оның мүшелерінің мәртебесі өзгерген сайын жаңартылып отырады, – деді Анар Ерембаева. – Мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқық белгіленген кезде әлеуетті алушыға мемлекеттік қызмет көрсетуге келісім алу үшін СМС-хабарлама жіберіледі. Келісімді алғаннан кейін-әлеуметтік жәрдемақы, төлемдер немесе мемлекеттік қолдаудың өзге де түрлерін тағайындау, содан кейін алушының банктік шотына аудару жүзеге асырылады.
Жоба кезең – кезеңмен жүзеге асырылуда – ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің тоғыз түрі бойынша жаңа форматта қызметтер алу мүмкіндігі ұсынылды. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап тізбе әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтермен кеңейтілетін болады; 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктер енгізілетін болады; 2025 жылдан бастап мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылатын болады.
Semeynews.kz