Семей: Қос мұнаралы мешіт
Семейдегі қос мұнаралы мешіт 1862 жылы мұсылмандарға есігін айқара ашты, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Семейдегі қос мұнаралы мешіттің құрылысы 1858 жылы Сүлейменов, Әбдешов, Рафиқов, Халитов деген есімді сол кездегі атақты көпестер қаражатымен басталып, 1862 жылы аяқталды. Мешіттің мұнаралары бастапқыда ағаштан жасалған. 1897 жылы Василий Халитов деген көпес өз қаржысына мешітті қайта жаңғыртты. Есік пен терезе жақтаулары ауыстырылды, қосымша шаруашылық бөлмелеі салынды. Сол кезде олар мұнараларға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ағашты таспен ауыстырды.
Ағаш мұнаралары бар жалғыз фотосурет сақталған. Оның авторы – Лидия Полторацкая. Ол әскери губернатордың, Семей облысының генерал-майоры В.А.Полторацкийдің әйелі болған. Фотоны Лидия Константиновна 1870 жылы түсірген.
Кеңес өкіметі тұсында мешіт жұмысына тыйым салынып, 1932 жылы мешіт дінге сенушілерден тартып алынып, сәулет ескерткіші халық шаруашылығы қажеттілігіне берілді.
2002 жылы қалалық әкімшілік, жергілікті кәсіпкерлер мен жұртшылық қолдауымен Қос мұнаралы мешіт күрделі жөндеуден өткізілді. Бастапқы архитектуралық үлгісін сақтай отырып жаңарған бұл ғимарат Семей қаласындағы тарихи көрікті орындардың біріне айналған.
Semeynews.kz