Шығыс Қазақстанның аудандарының бірінде алаяқ жеті адамға несие рәсімдеген, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
ШҚО ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, алаяқ Зайсан ауданының тұрғындарын 7 миллион теңгеден астам сомаға алдап кеткен. Зайсан аудандық полиция бөліміне ауданның екі тұрғыны, өздеріне 2 270 000 теңге тауарлық несие рәсімдеген танысына шара қолдануды сұрап, жүгінген.
Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Зайсан қаласының 20 жастағы тұрғынын анықтап, ұстаған.
Сонымен қатар, тәртіп сақшылары қаскөйдің қармағына тағы бес адам түсіп қалғанын анықтаған.
“Бойжеткеннің алаяқтық әрекетінен келген жалпы шығын көлемі 7 370 000 теңгені құраған. Күдікті өз кінәсін толық мойындады және қазіргі уақытта оған қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр”, – делінген ведомство хабарламасында.
Semeynews.kz