Бүгінгі сын-қатерлермен күресу үшін ізгі ниет, диалог және ынтымақтастыққа сүйену керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустан кейін туындаған жаһандық мәселелерді атаған еді.
«Соңғы бірнеше онжылдықтардағы табиғи апаттар, әсіресе климаттың өзгеруімен және олардың салдарымен байланысты өзгерістер шамамен 3 трлн АҚШ долларына бағаланды. Оған қоса, өкінішке орай, сенімсіздік, шиеленістер мен қақтығыстар халықаралық қатынастарға қайта оралды», – деді Президент «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің пандемиядан кейінгі кезеңдегі адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы рөлі» пленарлық отырысында.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы бұл мәселелерде не нәрсеге сүйену керектігін айтты.
«Бүгінгі сын-қатерлермен күресу үшін біз не нәрсеге сүйене аламыз? Тарих бір ғана жауап береді – ізгі ниет, диалог және ынтымақтастық. Табысқа жетудің басқа баламасы жоқ. Қазақстан әрдайым келіспеушіліктерді БҰҰ Жарғысы рухында келіссөздер үстелінде реттеуге тырысты. Санкциялар, санкциялар қаупі және күш қолдану ешқашан мәселені шешпейді», – деді Қ. Тоқаев.
Айта кетейік, бүгін елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі өтіп жатыр. Екі күнге созылатын съезге 50 елден 100-ден астам делегация, оның ішінде ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм діндерінің өкілдері, сондай-ақ саяси және қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйымдар мүшелері келген.
Діни форумға Рим Папасы Франциск, Әл-Азхардың Жоғарғы имамы Ахмед Мохаммед Ахмед ат-Тайеб, Иерусалим Патриархы III Теофил, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосифтің және басқа да діни жетекшілер, сондай-ақ бірқатар халықаралық ұйымның өкілдері қатысуда.
Semeynews.kz