
Үй қызметкері Өскемен тұрғынынан 130 мың АҚШ долларын ұрлаған, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
ШҚО ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Өскемен қ.ПБ Сол жағалау ПБ-нің «102» жедел арнасына облыс орталығының 35 жастағы тұрғыны жүгінген. Ол үйдің астыңғы қабатында орналасқан сейфтен шамамен 130 000 АҚШ доллары жоғалғанын, бұл шамамен 61 100 000 теңгені құрайтынын хабарлаған.
Жәбірленушінің арызы бойынша полицейлер дереу қылмысты ашуға кіріскен.
“Қабылданған шаралардың нәтижесінде күдікті анықталды. Ол жәбірленушінің үй қызметшісі болып жұмыс істеген 21 жастағы бойжеткен. Қазіргі уақытта қылмыскер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 4-бөлігі (ірі көлемде жасалған ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды”, – делінген ведомство хабарламасында.
Күдіктінің берген түсінігі бойынша, ол ағымдағы жылдың тамыз айының басында ол сейфтен алғаш рет 10 000 АҚШ долларын ұрлаған және осы ақшаға шетелде демалып келген. Демалыстан оралғанда қыз үй иелері ақшаның жоғалғанын байқамағанын түсінген, әрі қарай ештеңе болмағандай сол үйде жұмысын жалғастырған .
Бір айдың ішінде үй қызметкері сейфтен 130 000 АҚШ долларын алып шыққан. Бұл ақшаға ол үйлену тойын жасаған, пәтер және көлік сатып алған.
Еске сала кетейік, аталған баптың санкциясы бойынша мүлкi тәркiленіп, жеті жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Semeynews.kz