Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев “Қытай-Еуразия” VII ЭКСПО көрмесіне қатысты. Көрме Үрімші қаласында онлайн және офлайн форматта өтті, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
“Аспан асты елі” мен “Ұлы Дала Елі” арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастар тарихы мыңдаған жылдарға созылып, біздің өңірлерімізбен үздіксіз байланысты болып келеді.
ҚХР-мен шектесетін жаңадан құрылған Абай облысы Қытай Халық Республикасымен өңіраралық қатынастарды нығайтуға аса мүдделі.
Бұл үшін облыста өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету үшін барлық алғышарттар бар.
Бірінші. Өнеркәсіптік ынтымақтастық саласында әлемдегі игерілмеген ең үлкен мыс кен орындарының бірі Абай облысының аумағында орналасқан. Бізде ірі индустриялық жоба – Ақтоғай КБК іске қосылды.
Байыту комбинатының өнімі Қытай нарығына бағытталған, мыс концентратының көп бөлігін ҚХР-да өңдеу жоспарланған, бұл өзара тиімді ынтымақтастықтың көрсеткіші болып табылады.
Екінші: Ыңғайлы географиялық орналасуы және транзиттік әлеуеті. Көлік-логистикалық ынтымақтастық саласында біздің облысты Қытай мен Ресей арасындағы көпір деп санауға болады. Осыған байланысты Аягөз-Тачэн бағыты бойынша темір жол құрылысы жобасының болашағы зор.
“Бақты” шекара бекетінде жекелеген әкімшілік рәсімдерді оңайлату үшін тексеруден өтудің жеделдетілген режимі енгізілді, көрсетілген бекеттерде қытай тілінде жеке көлікте шекарадан өту алгоритмдері әзірленді және орналастырылды.
Үшінші: Туризм саласында қытайлық туристер үшін негізгі нысан дамыған туристік инфрақұрылымы бар Алакөл көліне бару болуы мүмкін. Жалпы, Абай облысы бірегей табиғи әлеуетімен, бай тарихи-мәдени мұрасымен барлық туристік бағыттарды дамытуға мүмкіндік береді.
Нұрлан Ұранхаев Абай облысы сындарлы диалогқа және барлық бағыттар бойынша өзара тиімді серіктестікке дайын екенін атап өтті. Бүгін Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы мен Қазақстан Республикасының Абай облысы арасында бауырластық байланыстар орнату ниеті туралы хаттамаға қол қойылды.
Semeynews.kz