
ШҚО ТЖД аймақтағы өрт қауіпті жағдай туралы жаңа мәліметтерді жариялады. Күршім, Алтай, Қатонқарағай, Глубокое аудандарында дала өртімен күресу жалғасуда, елді мекендерге қауіп жоқ, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, Күршім ауданында «Марқакөл орман шаруашылығы» РММ, Бобровка орманшылығы және Төсқайың ауылдық округі аумағында шөптер, бұталар, ағаштар өртенді. Өрттің аумағы шамамен 1 300 га құрайды. Жақын жерде орналасқан елді мекендерге қауіп жоқ. Өртті сөндіруге ШҚО ТЖД, орманшылар мен жергілікті атқарушы органдардың, полиция қызметкерлерінің 270-ке жуық адамы мен 34 бірліктегі техникасы жұмылдырылды. Өртті сөндіру қиын таулы жерлермен, ауа райы жағдайларымен күрделенді, сондықтан «МИ-8» және «Еврокоптер» тікұшақтары тартылды. Бүгін өрт болған жерге суағар құрылғысы бар ҚР ТЖМ Қазавиақұтқару МИ-171 тікұшағы қосымша көмекке келеді.
Алтай ауданында «Зырян орман шаруашылығы» КММ және «Быков орманшылығы» аумағындағы бұталар мен шөптерді жергілікті атқарушы органдар, орманшылар, «Қазавиаорманқорғау», ШҚО ТЖД өрт сөндірушілері шамамен 800 га аумақтағы таулы жердегі өртті сөндіруді жалғастыруда. МИ-8 тікұшағы тартылды, 12 тоннадан астам су құйылды. Елді мекендерге қауіп жоқ. ШҚО ТЖД-да және өрт болған жерде жедел штабтардың жұмысы ұйымдастырылды. Тілсіз жауды жоюға барлығы 200-ге жуық адам мен 29 бірліктегі техника жұмылдырылды. Бүгін өрт болған жерге суағар құрылғысы бар ҚР Қорғаныс министрлігінің МИ-17 тікұшағы, Семей қаласында орналасқан 68303 әскери бөлімінің жеке құрамның 50 адамы және 4 бірлік техникасы көмекке қосымша келеді.
Катонқарағай ауданында, Алтынбел ауылынан 12 шақырым жерде, «Большенарым орман шаруашылығы» КММ, Ново-Березовка орманшылығының аумағында орман аймағында бұта, құрғақ шөп өртенуде, алдын ала болжам бойынша өрттің ауданы – 1200 га. Елді мекендерге қауіп жоқ. 8 қыркүйекте ҚР Қорғаныс министрлігінің суағар құрылғысы бар МИ-17 тікұшағы көмекке қосымша келеді. Дала өртімен күресуге ШҚО ТЖД, орман шаруашылығы, ЖАО, халық, полициядан 300-ге жуық адам және 24 бірліктегі техника жұмылдырылды. Өрт болып жатқан аумақты ұшып өту үшін МИ-2 және АН тікұшақтары тартылды. МИ-8 тікұшағының көмегімен 30 адам таудың басына «Кедруха» учаскесіне жеткізілді. Өрт орнында жедел штаб құрылды.
Глубокое ауданында, Каменный карьер ауылында өртті жою жалғасуда. Өрт сөндірушілер мен орманшылардың жұмысы нүктенің түтіні тау шатқалында шашыраңқы болуымен қиындады. Таудың биіктігі шамамен 800 метр. Құтқарушылар мен өрттің барлық қатысушылары елді мекендерге төнген қатерді жойды. 8 қыркүйек 08 сағат 52 минутта 60 га алаңда өрт ауыздықталды.
Өртті жоюға ШҚО ТЖД, полиция, ЖАО-ның 70 адамы мен 15 бірліктегі техникасы жұмылдырылды.
Тарханка ауылында 35 га аумаққа жайылған өрт 7 қыркүйекте толығымен жойылды.
Semeynews.kz