Ант беру рәсімі ҚР Парламенті Сенатында өтті, деп хабарлайды Semeynews.kz.
“24 тамызда жаңадан құрылған Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында Сенат депутаттарының сайлауы өтті. Біздің қатарымызды 6 сенатор толықтырды. Жаңадан сайланған депутаттарды сайлаудағы жеңісімен құттықтаймын. Сіздер әртүрлі салада еңбек еттіңіздер, көп жылдар бойы өңірлерде табысты жұмыс істедіңіздер, енді заң шығарушылық қызмет тәжірибелеріңізді кеңінен пайдалана отырып, депутаттық міндеттеріңізді абыроймен атқарасыз деп үміттенеміз”, — деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Жаңадан сайланған депутаттар арасында Арғынбекова Айнұр Серікболқызы, Байахметов Бақытжан Кәкенқажыұлы, Медебаев Советбек Тұрсынұлы, Сарыбаев Ғалиасқар Төлендіұлы, Толамисов Амангелді Ғабдылқарымұлы, Шайдаров Серік Жаманқұлұлы болды.
“Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, өзіме жүктелген депутаттың мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін”, — делінген антында.
Сенат отырысының қорытындысы бойынша олар Палатаның тұрақты комитеттерінің құрамына сайланды. Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің құрамына А.Арғынбекова, С.Медебаева, А.Толамисова кірді. Қаржы және бюджет комитетінің құрамына Б.Байахметов, халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің құрамына — Ғ.Сарыбаев, экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің құрамына — С.Шайдаров кірді.
Semeynews.kz