Семейде Мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылды
Ұлы Жеңістің 77 жылдығына орай Семейде майданнан оралмаған ардагерлерді еске алып, құрмет көрсетілді.
Жеңіс саябағында жиналған қауымға Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов құттықтау сөзін жеткізді.
– Баршаңызды, халқымыздың ең қастерлі мерекесі – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Жеңіс күні — тарих төрінен орын алатын, жанқияр ерлік пен еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген ұлы мереке. Бүгінгі ұрпақ аға буын-ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Ұлы Жеңіс мерекесінде Отан соғысының оқ бораған даласында қаза тапқандардың рухтарына бас иіп, тағзым етеміз, – деді Бақытжан Байахметов.
Жерлестеріміздің жеңіске қосқан үлесі орасан зор. 50 — ден астам семейлік Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. 13 адам үшінші дәрежелі Даңқ орденінің иегерлері атанды. Оларға бұл атақ елді фашистік басқыншылардан азат ету шайқастарында көрсеткен батылдығы мен батырлығы, ерлігі үшін берілді. Семей облысынан аттанған 30 мың жауынгер КСРО ордендерімен және медальдарымен марапатталды.
Осы жылы жерлестеріміз, Кеңес Одағының Батырлары Молдағалиев Жанғазы Әкімұлының 105 жылдығы және Силин Николай Николаевичтің 100 жылдығы мерейтойлы аталып өтуде.
Еліміз қазақ халқының даңқты қызы Мәншүк Мәметованың туғанына 100 жылдығын тойлауда.
Бұл әрбір қазақстандық үшін–ерліктің, табандылықтың және өз Отанына деген адалдықтың мәңгілік үлгісі.
– Біз тарихтан тағылым алып, «Мәңгілік ел» болуды мұрат еткен халықпыз! Тағылымы мол тарихымыз мен ұлттық сал-дәстүрімізді өркендеудің берік діңі етіп, рухани жаңғыру жолын таңдадық. Бейбіт өмірдің қадірін түсініп, көздің қарашығындай сақтау, ұрпаққа аялап аманат ету – баршамыз үшін қасиетті парыз! Біз бүгін, Ұлы қуаныш үстінде, ардагер аталар мен аналарға зор денсаулық, қажымас қайрат, асқақ рух тілейміз! Жеңіс мерекесі – әрбір отбасыға сарқылмас ырыс, мол бақыт сыйласын! Ұлы Жеңіс мерекесі құтты болсын, құрметті жерлестер!-деген тілек білдірді қала басшысы.
Шара барысында соғыстан оралмағандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Қала тұрғындары шығармашылық ұжымдар дайындаған мерекелік концертті тамашалай алды.
Айта кетейік, кешкі сағат 20.00 – де
Жеңіс саябағында “Шырақ жағу “акциясы ұйымдастырылып, мерекелік шара 22.00-де орталық алаңда болатын отшашумен аяқталады.
Semeynews.kz