Ұлы Отан соғысы жылдарында Семейде арнайы тапсырма бойынша қандай тауарлар шығарылды
Ұлы Отан соғысы жылдарында Семейдегі кәсіпорындар майдан үшін арнайы тапсырмалардағы өнімдерді өндірді.
Шығыс Қазақстан облыстық «Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы» КММ-ғы мұрағаттық құжаттарда, 1941 жылы ет-консерві комбинаты, кеме жасау зауыты және басқа да көптеген артельдер арнайы мақсаттағы тауарлар шығарып бастағаны айтылған. Сол жылдың тамыз айында қаладағы кәсіпорындар майдан үшін 60-тан астам өнім түрлерін шығарды, олардың ішінде медициналық препараттар, тері жилеттер, тоңдар, жасырыну костюмдері болды.
Соғыс жылдарында кеңес әскерлерін жабдықтауға М.И.Калинин атындағы Семей ет-консерві комбинаты үлкен үлес қосты. Жекелей алғанда, 1942 жылғы 22 қазандағы құжатта, кәсіпорын ұжымы өзіне жоспарды орындау міндеттерін алғаны көрсетілген. Сол жылдың қыркүйегінде комбинат 200 тонна шұжықтың орнына 505 тонна өнім дайындады, ал тағамдық концентраттар цехы бұршақ ұнын 135,3 пайызға қамтамасыз етті. Сонымен қатар консерві зауыты іске қосылған уақыттан бастап бірінші рет, 1942 жылдың қыркүйегінде рекордық шығарылым жасап, жоспарды 109% орындады. Жалпы алғанда комбинат жоспарды 103,2%-ға орындады, ал әлеуметтік міндеттеме бойынша 104%-ға орындау қажет болды, яғни бар болғаны жоспарды орындауға 0,8% жетпей қалды.
Айта кетейік, бір жылдан кейін ет-консерві комбинатын Семей облысындағы ең ірі комбинат деп таныды және бүкілодақтық маңыздағы ет гиганты деп атады. 1943 жылдың күзінде миллионнан астам жауынгер күнделікті осы ет комбинатының өнімдерімен қамтамасыз етілді. Сол уақытта комбинатта сұйық гематогенді, бауыр ауруының препаратын, инсулин шығару жолға қойылып, техникалық майдан және каустикалық содадан сабын шығарып бастаған болатын.
Сонымен қатар, мұрағаттық құжаттарда 1941 жылы Семей кеме жасау зауытын М-50 миналарын шығаруға қайта жабдықтау туралы шешім қабылданғаны көрсетілген. Алайда кәсіпорын дәл өнім шығаруға бейімделмеген, сондықтан минаны өндіруде және игеруде үлкен қиындықтар туындады. Мәселен, зауытта оқ-дәрі өндіретін станоктар болмады. Бірақта, бұған қарамастан, КСРО Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті 1941 жылғы қыркүйекке дейін зауытта 500-ге жуық мина шығаруға тапсырма берді.
Тапсырманы орындауға бар күш салынды. Облыстағы кәсіпорындардан 9 станок табылды, ал зауыт жұмысшыларының күшімен бөлшектерді өңдеуге арналған құрылғылар жасалды, кептіру және термиялық пештері салынды. Мұрағаттық құжаттарға көз салсақ, минаны дайындау бойынша сызбаларды зауыт тек қазан айында алған. Содан кейін Семейдегі мамандар тобы мина өндіру ісін игеру үшін Мәскеуге аттанды. Қайтып келгеннен кейін миналарды шығаруды жеңілдету үшін сызбаларға өзгертулер енгізді. Зауытта мина жасап шығарылды ма? – Белгісіз. Табылған мұрағаттық құжаттарда тек өндірісті іске қосу кезінде мамандар кезіктірген қиындықтар туралы ғана айтылған.
Айтып өтейік, 1945 жылдың 9 мамырында Семейдегі кәсіпорындарда Жеңіс күніне арналған көптеген митингілер өтті. Қуанышымен бөлісуге 30 мыңнан астам жұмысшы жиналды. «Жәй айта алмаймын. Ұзақ күткен – Жеңіс күніне қол жеткіздік! Біз уақытпен, қиындықтармен санаспай, Қызыл Армияға жауды жеңуге көмектестік», – деді митинг кезінде сөйлеген сөзінде кеме жасау зауытының күйдіру цехының жұмысшысы Анагин.
«Үкіметтің қойған тапсырмасын уақытында орындай жүріп, бірнеше күн, бірнеше түн ұйқы көрмедік. Десе де, еңбегіміз зая кеткен жоқ, Жеңістің жемісін бүгін тойлап отырмыз», – деп қосты митингіде стахановшы-қазаншы Матюшкин.
9 мамырда, кешкісін Семейдегі көптеген кәсіпорындар мен мекемелерде Жеңіс күнін мерекелеуге арналған ұжымдық кештер өтті, ал кинотеатрларда балаларға фильмдер тегін көрсетілді.
Руслан Шақабаев, «Казинформ» ақпараттық агенттігі