
ШҚО ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, ағымдағы жылдың сәуір айының басында Семей қ. полиция басқармасы Әуезов ПБ «102» жедел арнасына қаланың 20 жастағы тұрғыны арызбен жүгінді. Хабарласқан бойжеткен 10 млн теңге көлемінде несие алмақ болып алаяқтың құрбаны болғанын жеткізген.
Жәбірленушінің сөзінше, бейтаныс әйел оған 10 000 000 теңге сомасындағы несиені ресімдеуге көмектесемін деп оның 550 000 теңге көлеміндегі ақшасын иемденген.
“Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде криминалдық полиция қызметкерлері қылмысты жасады деген күдікпен 37 жастағы жұмыссыз жергілікті тұрғынды анықтап, ұстады.
Күдікті әйелден жауап алу барысында ол қаражатты өз қажеттіліктеріне жұмсап тастағанын айтып, кінәсін мойындады. Аталған факті бойынша ҚР ҚК – нің 190-бабы 1-бөлігі «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды”, – делінген ведомство ақпаратында.
Айта кетейік, аталған баптың санкциясы 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.
Semeynews.kz