ҚазақстанҚоғамҚылмысТОП

Президентке қастандық жасамақ болған күдіктіге қатысты мәліметті ҰҚК береді – Сенат төрағасы

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ҚР Президентіне қастандық жасамақ болған шетел барлау агентінің ұсталуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер палата спикерінен ҚР Президентіне қастандық жасамақ болған шетел барлау агентінің ұсталуына қатысты сұрақ қойды.

«Қазіргі жағдай ақпараттық тұрғыдан оңай емес. Әртүрлі ақпарат пен фейктер бар. Сондықтан әлеуметтік желілердегі ақпараттарға ұстамдылықпен қарау керек. Бірқатар ақпарат көздерін қарап, зерделеген жөн. Сіздердің сұрақтарыңызға тоқталсам, қастандық қадамдары туралы жауап бере алмаймын. Бұл мәселеге қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері тергеу амалдары аяқталғаннан кейін нақты ақпаратты бере алады», -деді М. Әшімбаев.

Осы орайда Сенат төрағасы тергеудің аяқталғанын күту керек екенін айтты.

«Қазір әлеуметтік желілерде тарап жатқан кез келген ақпаратқа сене салуға болмайды. Оларға сын көзбен қараған жөн. Бізге нақты шындықты тергеу жүргізіп жатқан мемлекеттік орган ғана айта алады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Күдікті дер кезінде ұсталды. Заң рәсімі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр», – деді Мәулен Әшімбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 25 наурызда елордада ҚР Президентіне және бірқатар жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлерге қастандық жасауды жоспарлаған шетелдің барлау агенті «А» деген Қазақстан азаматы ұсталды.

Бір мезгілде ол арнаулы және құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қатысты террористік актілер жасауды жоспарлаған.

Алдын ала тергеу барысында күдікті ҚР азаматы жоғарыда көрсетілген істерді шетел мемлекетінің тапсырмасы және мүддесінде жасағанын мойындады.

Қазіргі кезде ҰҚК Қылмыстық кодекстің 24-бабы 1-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу) және 255-бабы 4-бөлігінде (терроризм актісі) көзделген қылмысты жасау фактілері бойынша тергеу жүргізуде.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button