15 ақпан кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылу күніне байланысты Шығыс Қазақстанда бірқатар шара өтті. Облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері жауынгер-интернационалистерге арналған мемориалда соғыста қаза тапқандарды еске алып, салтанатты гүл қою рәсімін өткізді.
Ал ҚАЖ департаментіне қарасты ОВ-15/14 мекемесінде спорттық сайыс ұйымдастырылып, ауған соғысының ардагеріне медаль табыс етілді.
«Ержан Қалмақбаев 1985-1987 жылдар аралығында Кандагар қаласындағы соғысқа қатысқан. Жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де сұрапыл соғыс әлі де түсіне кіреді. Кескілескен ұрыста жанында тұрған жолдастарына оқ тиіп, олардың бөтен елдің жерінде жан тапсырғандарын көрген ардагер «Кеңес одағының Ауғанстандағы әскери операциясының басталғанына 40 жыл» медалімен марапатталды», – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Ардагер өз сөзінде бейбітшіліктің ең үлкен бақыт екендігін жеткізді.
«Соғыста жаудың әр түрлі қулыққа толы іс-әрекеттерін көрдік. Мен өзімді батыр деп есептемеймін. Өз міндетімізді шамамыз келгенше орындап келдік. Қазіргі жастар Отанға қызмет етіп, бейбіт өмірдің қадірін түсінсе екен деймін» – деді Ержан Қалмақбаев.
Semeynews.kz