ШҚО ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, ағымдағы жылдың 24 қаңтарында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында ШҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Семей қ. ПБ криминалдық полиция бөлімімен бірлесіп, 2022 жылдың 13 қаңтарынан бастап іздеуде жүрген әйелді ұстады.
Өткен жылдың тамыз айының басында Семей қ. ПБ Әуезов ПБ кезекші бөліміне 60 жастағы қала тұрғыны арызданған. Арызда 2021 жылғы 2 тамызда Титов көшесі бойында белгісіз әйел оның қолынан телефонды жұлып алып, белгісіз бағытта қашып кеткенін көрсеткен. 45 000 теңге шығын келтірген.
“Тәртіп сақшылары 33 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Тергеу амалдары барысында күдікті өз кінәсін мойындады. Ұрланған зат тәркіленді. Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы таңдалды.
Алайда, құқық бұзушы сот процесіне келмей, жасырынып жүруді шешкен.
Ұсталғаннан кейін қаскөй қамауға алынды”, – делінген баспасөз хабарламасында.
Күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 191-бабы 1-бөлігі (тонау, яғни бөтеннің мүлкін ашық жымқыру ) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оның санкциясы бойынша мүлкi тәркiленiп немесе онсыз, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Semeynews.kz