Облыс орталығында Nur Otan партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы өңірлік даму бойынша қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Күн тәртібінде әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру мәселесі қаралды.
Айтып өтейік, Nur Otan партиясының кезектен тыс ХХІ Съезінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, партиялықтар алдына жаңа тапсырмалар қойды. Ел Президенті өңірлердегі өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуде партиялықтардың қатысуларын күшейту керек екенін айтты. Әлеуметтік маңызды азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесі сондай проблемалардың бірі болып табылады.
Nur Otan партиясының Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының төрағасы, өңір басшысы Даниал Ахметов партияға әлеуметтік маңызды азық-түлік бағаларын тұрақтандыруды бақылауға алуды тапсырды.
- Біздің негізгі мақсатымыз – осы азық-түліктерге бағаны негізсіз өсіруді болдырмау, – деп атап өтті Nur Otan партиясының ШҚОФбірінші орынбасары Олег Чугунков. – Бірінші кезең – мониторинг топтарын құру. Партиялықтармен бірге осы мәселеге қызығушылық танытқан барлық жұртшылықты тартамыз. Мониторинг апта сайын жүргізілетін болады, біз баға динамикасын көретін боламыз. Бүгінгі таңда 46 мониторингтік топ құрылды, олар облыстағы сауда нысандарын тексеретін болады.
Еске салайық, ҚР «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңының 9-бабына сәйкес сауда субъектiлерi тауар бағаларын өз бетінше айқындайды. Алайда сауда субъектісі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары бірнеше өндірушіден немесе көтерме сауда арқылы берушіден болған жағдайда, неғұрлым төмен құны бар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарын беру шартында көрсетілген, өндірушінің босату бағасының немесе көтерме сауда арқылы берушінің сатып алу бағасының он бес пайызынан аспайтын шекті сауда үстемесінің мөлшерін белгілейді.
Үстеме мөлшері 15 пайыздан жоғары болған жағдайда сатып алушы тауар-жіберу құжатын, сөредегі тауар бағасын, сауда нысанының атауын (ЖК/ЖШС) фотосуретке түсіріп, осы ақпаратпен қалалық/аудандық әкімдікке шағымдануларына болады.
Semeynews.kz