ШҚО ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, ағымдағы жылдың 18 қаңтарында Өскемен қ. ПБ Үлбі ПБ «102» жедел арнасына 67 жастағы зейнеткер жүгініп, алаяқтың құрбаны болғанын айтқан.
Жәбірленуші сол күні таңғы сағат 05:00 шамасында Гагарин Бульвары бойында жүріп келе жатып, қасынан өтіп бара жатқан бейтаныс әйелге өзінің телефонын беріп такси шақырып беруді өтінген. Зейнеткерге жәрдемдесуге бірден келісе кеткен әйел, қолына «олжа» түскен соң, жүрісін үдете түсіп қаша жөнелген. Келтірілген залал 150 000 теңге сомасына бағаланды.
“Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде криминалдық полиция қызметкерлері «ізін суытпай» күдікті әйелді анықтап, ұстады. Ол облыс орталығының 34 жастағы тұрғыны болып шықты. Жауап алу кезінде кінәсін мойындады. Бүгінгі таңда әйелден ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды”, – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Semeynews.kz