Әлемнің түкпір-түкпірінен қатысқан аспапта орындаушыларға арналған Music Box халықаралық онлайн-байқауы екі турда өтті. Қазақстандықтар бірінші кезеңнен сәтті өтіп, авторлық өңдеуде Никколо Паганинидің “Каприс № 24” туындысын орындаумен қазылар алқасын таң қалдырды.
Домбырашылар екінші кезеңде “Игра престолов” телехикаясының саундтрегін орындап, конкурстық бейнеролик түсірді. Номинацияға 36 елдің аспапшылары қатысты. Ең жоғары ұпайды қазақстандықтар жеңіп алды.
Музыканттар жүлде ретінде ұйымдастырушылар есебінен мамыр айында Испанияда өтетін офлайн фестивальге жолдама алды, сондай-ақ белгілі музыка сарапшыларының шеберлік сабағына жеке қатысады.
Домбырашылар Қазақ ұлттық өнер академиясында оқып жүргенде танысып, 2017 жылы дуэт құруға бел буған. Темірлан мен Ернат оқу орнында жүргеннен бастап сол кездегі ректор Айман Мұсақожаевамен бірге бүкіл Еуропаны аралаған.
Олар “I’m a Singer” байқауында Димаш Құдайбергенмен бірге өнер көрсеткеннен кейін танымал бола бастады. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Токиодағы олимпиадада домбырашыларды Қазақстанның мәдениет амбассадорлары етіп тағайындады.
Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыз бұған дейін “Үздік аспаптық дуэт” номинациясы бойынша “Bridge TV” жүлдесін жеңіп алған, “Golden Time Talent” халықаралық фестивалінде бірінші орынды жеңіп алған, сонымен қатар Испанияда өткен Costa Brava Music фестиваліне қатысқан.
Semeynews.kz